Бишімбаевтың адвокаты экс-министр өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын айтты
Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Назкен Кусаинова оның әлі күнге дейін қайғырып қан жұтып отырғанын және жазатайым оқиға болғанын айтып отыр. Бұл туралы ол Elmedia youtube арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бишімбаевтың қорғаушысының айтуынша, Салтанаттың денесінде ауыр жарақат іздері болмаған.
«Қуандық Бишімбаев кісі өліміне қатысты кінәсін мойындамай отыр. Әлі күнге дейін болған нәрсеге сене алмай отыр. Әлі күнге дейін Салтанатты жақсы көреді және ол туралы тек жақсы пікірде. Қайрат Нүкенов (Салтанат Нүкенованың ағасы) айтқандай, жәбірленушінің денесінде ауыр жарақаттар болған жоқ. Басының қаңқасы сау болды, ол миына қан құйылып қайтыс болған», – дейді адвокат Назкен Кусаинова.
Оның сөзінше, адвокат Салтанат Нүкенова басындағы гематомалардың кесірінен қайтыс болған.
«Салтанаттың созылмалы субдуральды гематомасы болған. Ол осы себепті қайтыс болған. Кешіріңіздер, біздің қорғауымыздағы Қуандық Бишімбаев Салтанаттың басында гематома пайда болғанын білмеген. Олар сөйлесіп, күні бойы бірге жүрген. Иә, екеуара келіспей қалған шығар. Төбелес болмаған. Ол (Қуандық Бишімбаев) мұны қайғылы жағдай деп Салтанаттың өліміне әлі күнге дейін сене алмай отыр. Ол әлі күнге дейін қайғырып, жылап отыр. Өз-өзіне келе алмай жатыр. Отбасында осындай жағдай болғанына сене алмай отыр», – дейді адвокат Назкен Кусаинова.
Айта кетейік, экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованың өліміне күдікті ретінде қамауға алынып, ісі сотқа жолданған.