«1 млрд теңге»: Жетісу облысының әкімдігі тендер жариялауда заңсыздық жасаған

Qaz365.kz редакциясы

Прокуратура заңбұзушылықтарды дер кезінде анықтады

Фото: baigenews.kz

Жетісу облысының прокуратурасы құны 1 миллиард теңгеден асатын мемлекеттік тапсырысты тоқтатты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Құзырлы орган қызметкерлері мемлекеттік сатып алу конкурстары кезінде заңбұзушылықтарды анықтаған. Құны 1 миллиард теңгеден асатын 6 мемлекеттік сатып алу конкурсының күші  жойылды.

«Тапсырыс берушілер конкурстық құжаттамада біліктілік талаптарын негізсіз жоғарылатып, сол арқылы әлеуетті өнім берушілердің мемлекеттік сатып алуға қатысуын шектеп, қиындатқан. Тағы бір жағдайда, құны 500 миллион теңгеден асатын қала көшелерін ағымдағы жөндеуге конкурс жарияланған кезде тапсырыс беруші жөндеуді қажет ететін көшелердің атауларын нақтыламаған, әр көшедегі жұмыстың сметалық құнын анықтамай, ақаулы актілерді ұсынбаған», – делінген Жетісу облыстық прокуратурасының хабарламасында.

Прокуратура заңбұзушылықтарды дер кезінде алдын алып, кәсіпкерлік субъектілерінің ашық конкурсқа қатысуын қамтамасыз етті.