Көкшетау қаласының әкімдігі 2,5 миллиард теңгені заңсыз жұмсамақ болған

Qaz365.kz редакциясы

Кінәлі тұлғалар жауапқа тартылды

Фото: gov.kz

Көкшетауда әкімдік көппәтерлі тұрғын үй салуға 2,5 миллиард теңгеге заңсыз шарт жасасқан, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ақмола облысы прокуратурасының баспасөз қызметінің мәліметінше, мемлекеттік сатып алу кезінде әкімдік заңнама талаптарын бұзған.

«Көкшетау қаласының прокуратурасы мемлекеттік сатып алу саласындағы заңдылықтың сақталуына талдау жүргізу барысында қала әкімдігінің заңнама талаптарын бұза отырып, конкурс өткізбей, бір көзден құны 2,5 млрд теңге болатын көппәтерлі тұрғын үйді салуға шарт жасағаны анықталды», – делінген хабарламада.

Прокуратура актісі негізінде 2024 жылғы 13 ақпанда сот шартты жарамсыз деп таныды. Қаражат басқа да әлеуметтік бағдарламаларды іске асыруға бағытталып, кінәлі тұлғалар заңда белгіленген тәртіппен жауапқа тартылды.