Қар қатты, оның үстіне жер тозған, елді мекеннің жайылымдарында шөп жоқ
Орталық Қазақстанға танымал блогер Айсұлтан Жақыпов Жаңаарқа ауданында жылқылардың қырылып жатқанын айтып, биліктегілерге үндеу жасады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Мен қазіргі Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданы, Талдыбұлақ ауылының тумасымын. Менің бұл үндеуім Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиға және осы өңірден депутат болып сайланған ағаларыма арналған. Жаңаарқа өңірінде қыс өте қатты болып, жұттың белгілері байқала бастады. Жылқылар далада қырылып жатыр. Енді бір ай шыдасаңыз, көктем келді ғой деп айтуыңыз мүмкін. Бірақ оған бір ай тұрмақ, бір күнде жылқылар аштан қырылып жатыр. Кейбір жылқылар амалдап, бір-бірінің жал-құйрығын жеуден тайынар емес», – дейді Айсұлтан Жақыпов.
Оның айтуынша, жылқыларын үйге әкеліп бағатындар үшін кебек таптырмай тұр. Бағасы шарықтап кеткен. Шөптің бағасы да қолжетімсіз. Бір рулон шөп 20 мың теңгеден бағаланады екен. Сондықтан блогерлер осы мәселелерді реттеп, Маңғыстаудағы құрғақшылық кезіндегідей көмек болса дейді.
Осы мәселе жөнінде Жаңаарқа ауданы ауылшаруашылық бөлімінің пікірін білген едік.
«Жаңаарқа ауданының агроөнеркәсіптік кешенінде 12-ЖШС, 987 фермерлік және шаруа қожалықтары, 16 ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері жұмыс істейді. 2023 жылы облыс әкімдігінің қаулысымен бекіткен ережесіне сәйкес, талапқа сай келетін шаруа қожалықтарына облыстық бюджет есебінен ауданымыздың 584 шаруа қожалығына қысқа түсетін малдардың жемшөп құнын ішінара арзандату үшін ірі қара малының әр аналық басына 25 мың теңгеден, жылқы малының әр аналығына 10 мың теңгеден және әр аналық қой басына 5 мың теңгеден барлығы 749 миллион 294 мың теңге көлемінде субсидия берілген болатын. Алайда, қолайсыз ауа райы салдарынан даладағы жылқы малдары шығынға ұшырауда. Туындаған қиындықтың алдын алу мақсатында аудан әкімшілігі тарапынан тиісті іс-шаралар ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, жылқы малдары көп шоғырланған ауылдық округтерге ауданымызда орналасқан ірі мекемелер арқылы арнайы жол күрейтін қуатты техникалар бөлініп, материалдық қолдау көрсетілуде. Cонымен қатар ауданымыздың ірі кәсіпкерлерімен келіссөз жүргізу арқылы мал азығына қажетті жем, азық түрлері тасымалданып, кебектің 20 келілік қабы 1300-1400 теңгенің аралығында, арпаның 30 келілік қабы 2900-3000 теңгенің аралығында. Сол сияқты бидай, жарма тәрізді жем, азық түрлері де дүкен иелерімен қолжетімді тұрақты бағада сатылуда», – делінген хабарламада.
Жергілікті айтыскер ақын Өміржан Көпбосынов та осы мәселені айтып отыр. Ол жұрттың жағдайы жылқыға байланысты болғандықтан жаны жылап тұр дейді.
«Жануар даланың малы ғой, елден жырақ жайылады. Ауа райының күрт өзгергеніне байланысты қар қатты, оның үстіне жер тозған, елді мекеннің жайылымдарында шөп жоқ, жылқы жығылып жатыр, бие-байтал құлын тастаған, тай-жабағы қырылған дала, күлік пен киіктің өлексесіне толды. Жылқыға жұт келді. Ауыл тұрғындары малына жете алмай жатыр. Жарты жолға әупірімдеп салған жолмен жаяу-жалпылап жеткізгендер бар. Бірақ, малы түгел емес. Шөптің бағасы мен жемнің бағасы аспандап кетті», – дейді айтыскер ақын.