«Заңды мәртебесі әлі анықталмаған»: Депутат мектеп психологтарының жалақысын көбейтуді ұсынды

Qaz365.kz редакциясы

Депутат мемлекеттік білім беру мекемелеріндегі мамандардың жеке құрылымдарға ауысып жатқанын айтты

Фото: senate.parlam.kz

Сенатор Ғалиасқар Сарыбаев мектеп психологтарының заңды мәртебесін көтеру керектігін айтып, Үкіметке сауал жолдады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Оның айтуынша, кез келген білім беру мекемесінде психолог штаттары 0,5-тен 2 бірлік арасында қарастырылған.

«Орта есеппен мың бес жүз бала оқитын мектепте алпыс, ал төрт мың бес жүз және одан көп оқушылар бар білім ошақтарында жүз жетпістен көп сынып бар. Яғни, бір психолог екі мың оқушыға және ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға қызмет көрсетуде», – деді депутат.

Сенатор депутат педагог-психолог мамандығына жоғары оқу орындарындағы гранттар санын көбейтуді ұсынды.

«Өкінішке орай, психологтың үлкен жүктемесінің болуына байланысты нақты мұқтаж адамдарға көмек берілмей жатады. Осыған орай, бірінші білім мекемелеріндегі психологтар санының нормативін қайта қарауды оқу жүйесіндегі үш деңгейде психологтың болуын қамтамасыз етуді сұраймыз», – деді ол.

Депутат мемлекеттік білім беру мекемелеріндегі мамандардың жеке құрылымдарға ауысып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, оған себеп психологтардың еңбекақысының төмен болуы.

«Қазіргі уақытта он жыл жұмыс өтілі бар психолог орта есеппен 143 мың теңге, жиырма жыл өтілімен 152 мың теңге жалақы алады», – дейді депутат.

Ғалиасқар Сарыбаев мектеп психологтарының заңды мәртебесін қайта қарауды, мектептерде арнайы пән енгізуді және олардың еңбекақысын арттыруды ұсынды.