Өзін плинтустан да төмен санайтын әйелдер ғана күйеуіне тоқал сыйлайды – психолог

Qaz365.kz редакциясы

Қолданыстағы «Неке және отбасы туралы» заңда да екі әйел алу нормасы жоқ

Фото: ашық дереккөзден

Соңғы кездері күйеуіне тоқал сыйлайтын әйелдердің саны артып жатыр. Желіде осындай талай видео тарады. Бәйбішесі отағасын мерейтойымен құттықтап, кейін қораптың ішінен хиджаб киген өрімдей жас аруды сыйлыққа тарту үрдісі белең алған. Осыған қатысты танымал психолог Ержан Мырзабаев пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Күйеуіне тоқал әперетін әйелдің өзін-өзі бағалауы төмен деп айтуға болады. Яғни өзін плинтустан да төмен санайтын, қасиет-қадірін жоғалтып алған әйел. Екіншіден, күйеуін соншалықты жек көретін әйелдер осындай қадамға барады. Күйеуін қаламағандықтан басқа әйел тауып беріп, құтылғысы келеді. Әйтеуір, асқа, тойға барғанда ғана жүріп, ақшасын алып, емін-еркін өмір сүруді қалайтындар. Бұл жерде күйеуі әйелінің тоқал алып бергеніне мәз болмай, өкіну керек. Демек, әйелі күйеуін сүймейді, бірге болғысы келмейді деген сөз ғой. Әйтпесе, дені сау, психикасы дұрыс әйелдің сүйген адамыңды бөлісу, беру деген жоқ», – дейді психолог.

Оның айтуынша, есі дұрыс адам сүйгені тұрмақ, телефонының өзін біреуге бергісі жоқ. Сондықтан жоғарыда айтқандай тек екі нұсқа бар деп санайды: не әйел өз-өзін төмен санайды немесе күйеуі оңбаған.

«Осы ретте Мәжіліс депутаттарына айтарым бар. Мұндай екінші әйел әперуді насихаттап жатқандарды жауапкершілікке тартатын заң дайындасын. Елімізде екі әйел алуға заң бойынша рұқсат етілмеген, сондықтан неге насихаттап жатсың деп жауапқа тарту қажет. Қазақстанда әйелдердің 80-90 пайызы дені дұрыс деп санаймын. Олар мұндай қабылдамайды, сол себепті ертеңгі күні ажырасады. Ондай отбасыдан психикалық травмасы бар бала өседі. Сосын қоғамға өшпенділікпен қарайды. Мұның бәрін отбасын бұзатын әрекеттер деп қабылдап, дереу шара қолдану керек», – дейді Ержан Мырзабаев.

Айта кетейік, қолданыстағы «Неке және отбасы туралы» заңда да екі әйел алу нормасы жоқ. Бұған дейін Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай «бұл ұлттық құндылықтарымызға сызат түсіретіндей жағдай» деген еді.