«Су қоймасы лық толды»: Қызылағаш ауылы тұрғындары дүрбелеңге түсті – ТЖД уайымдамауға шақырады

Qaz365.kz редакциясы

Су қоймасының видеосын әлеуметтік желіге белгілі журналист Сандуғаш Дүйсенова жариялады

Видеокадр

Жетісу облысы Ақсу ауданы Қызылағаш ауылы тұрғындары су қоймасы толып кетуіне байланысты дүрбелеңге түсті деп жазады журналист Сандуғаш Дүйсенова. Алайда облыстың Төтенше жағдайлар департаменті мұны жоққа шығарады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Су қоймасының видеосын әлеуметтік желіге белгілі журналист Сандуғаш Дүйсенова жариялады.

«Қызыағаш тұрғындары дүрбелеңде! Су қоймасы толып, қауіпті шекке бірнеше сантиметр ғана қалды. Олар 2010 жылғы қайғылы трагедия қайталана ма деп қорқады. Сол кезде тасқын бүкіл ауылды алып кеткен еді. 45 адам қаза болған», - деп жазады ол.

Әйтсе де, ТЖД бүгінгі таңда Қызылағаш су қоймасының құрылысы аяқталғанын хабарлайды. Ведомствоның хабарлауынша, Қызылағаш су қоймасын пайдалануға беру үшін, авторлық қадағалау талабына сәйкес, су қоймасын көлемі 42.65 млн.м3 дейін толтыру жолымен құрылымға әрі бөгеттің барлық тораптарына технологиялық сынақ жүргізу қажет. 

«Бүгінгі таңда су қоймасын толтыру 41.9 млн. м3 құрайды. Нысанда "Қазсушар" РМК Жетісу филиалының мамандары тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырды. Барлық мүдделі тұлғалар облыс және аудан әкімдіктері, ТЖД, БАБИ (Балқаш-Алакөл бассейні инспекциясы) жағдайдан хабардар. Дүрбелеңге ешқандай себеп жоқ», - деп хабарлайды ТЖД.