«Салтанаттың өліміне қатысым барын мойындаймын»: Бишімбаев сотта Нүкенованың туыстарынан кешірім сұрады

Qaz365.kz редакциясы

Астанада сот отырысы өтіп жатыр

Скриншот

Қуандық Бишімбаев сотта жауап беріп жатыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бишімбаев жәбірленушілер мен марқұмның туыстары, ата-анасынан кешірім сұрады.

«Мұнда жәбірленушілер, оның туыстары, оны жақсы көргендердің барлығы, оның ата-анасы отыр. Шынымды айтсам, оның өлімі ауыр тиді. Мен кешірім сұрағым келеді. Мен кешірім күтпеймін. Бірақ бұл менің ішкі парызым, жанымның қалауы. Мен бұл орны толмас қайғы екенін түсінемін және осы жағдайларға өзімнің қатысым бар екенін білемін», – деді ол.

Сондай-ақ ол өзіне тағылған айып жайлы айтты.

«Кінәм жоқ» немесе «айыпты мойындамаймын» деген мәлімдемемді түсіндіргім келеді. Мен әйелім Салтанатты аса қатыгездікпен, мақсатты түрде өлтірді деген айыпты мойындамаймын, - деді Бишімбаев.

Бишімбаев жауап беріп жатқан кезде Нүкенованың анасы сотталушыға қарата «қызымның түрін көрген жоқпын, қатыгездікпен өлтірген жоқпын деп қалай айта аласың», «сен оны бірнеше сағат бойы өлтірдің» деп айтты.

«Мені жек көрулеріңізге болады, мені қарғауыңызға болады. Жаратқанның алдында, сіздердің де алдыңызда жауап беруге дайымын. Салтанатты жақсы көрдім. Оның өліміне қатысым бар екенін мойындаймын. Тағылған айыпты мойындамауым менің бұл іске қатысым жоқ екенін, кінәлі емес екенімді білдірмейді. (...) Кез келген жазаны қабылдауға дайынмын, бірақ өзімді қорғауым керек», - деді Бишімбаев.

Айта кетейік, экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысының бүгінгі отырысында прокурор әлеуметтік желіде сотқа қатысты жарияланымдарды шектеуді талап етті.

Сонымен қатар Бишімбаевтың адвокаттары Салтанат Нүкенованың өлімін «Адам өлтіру» деп атамауды талап етті.