Бұған дейін ТЖМ Қарағанды облысындағы су тасқыны жағдайы туралы ақпарат таратқан
Қарағанды облысы Шет ауданы Қайрақты ауылының тұрғындары видеоүндеу жасап, жергілікті халыққа ешқандай көмек көрсетілмей жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Қайрақты ауылының тұрғындары жиналып, үкімет басына, аудан және ауыл әкіміне жолдауымызды жіберейік деп едік. Ауыл азаматтарының уәжі бар: ауылды су басып кетті, ешқандай көмек жоқ: Кеше әкелді тастады халықты. Үйлері су. Жас балалары шетінен ауырып жатыр. Жол жоқ. Халықта отын да, су да ағып кетті. Көмек жасайтын әкімдіктен еш көмек болып жатқан жоқ. Халықтың жағдайын сұрамайды. Халық не істерін білмей абдырап жүр. Қонатын жер жоқ. Бұл Үкімет бізге қашан көмектеседі? 2015 жылы су тасыған кезде дәл осылай алдап тастап кеткен. Келешекте құлап жатқан үйлеріміз бар, кеткен малымыз бар, қорамыз бар. Соны біздің әкімдік тексеріп, қашан өтеп береді? Алдап кетіп жатыр. Қағаз жүзінде оны ешкім келіп тіркеп жатқан жоқ. Бұл халықтың жанайқайы», - дейді ауыл тұрғындары.
Бұған дейін ТЖМ Қарағанды облысындағы су тасқыны жағдайы туралы ақпарат таратқан. Қайрақты, Ақсу, Красная Поляна, Деріпсал ауылдарында қалыптасқан су тасқыны жағдайына байланысты аумақта жалпы 40 үйді су басып, 292 адам, оның 114 бала эвакуацияланған.
1 сәуірде Шет ауданының Қайрақты ауылының 67 тұрғыны мен Ақсу ауылының 119 тұрғыны өз үйлеріне оралған.
«Гидротехникалық құрылыстар штаттық режимде жұмыс істейді, толып кетудің алдын алу мақсатында су төгінділері жүргізілуде. Қарағанды облысының Самарқанд, Интумак, Шерубай - Нұра су қоймаларынан төгінділердің ұлғаюына байланысты су төгетін жерден төмен орналасқан Абай, Бұқар Жырау және Нұра аудандарының 28 елді мекенінде біліктерді нығайту және қаптарды төсеу жұмыстары жалғасуда, - деп хабарлаған еді Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі.
Төтенше жағдайлар департаментінде су тасқынына қарсы штаб тәулік бойы жұмыс істейтінін, оған хабарласу үшін 87212 51-11-10 нөміріне хабарласу керектігі жөнінде ақпарат таратқан.