«Қызына пышақ ала жүгірген»: Шымкентте адуын әйелдің әрекеті видеоға түсіп, іс қозғалды

Qaz365.kz редакциясы

Полиция баласына пышақ ала жүгіріп, қорқытқан әйелдің үстінен қылмыстық іс қозғады

Видеокадр

«Қызына пышақ ала жүгірген». Шымкентте адуын әйелдің әрекеті видеоға түсіп, іс қозғалды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Полиция баласына пышақ ала жүгіріп, қорқытқан әйелдің үстінен қылмыстық іс қозғады.

Түркістан облысындағы «Отырар» телеарнасының редакциясына қызын «қатал» әдіспен тәрбиелеп жатқан әйелдің видеосы келіп түскен. Видеода әйелдің жасөспірімге қарай пышақ ала ұмтылғанын көруге болады. Кейін ол пышақты қыздың бетіне тақайды.

Қорғануға тырысқан жасөспірім бір мезетте қатты айғайлап жылай бастайды. Қызының бұл әрекеті әйелді одан сайын ашуландырған сияқты. Ол жасөспірімді бірнеше рет шапалақпен ұрып, тіпті басына шелекпен соққы жасай бастайды.

Осы уақытта сытылып шықпақ болған жәбірленуші бетінен тағы бірнеше рет соққы алады. Кейін әйел оны футболкасынан ұстап, жұдырықпен ұрады.

Жаға ұстатарлық жағдай бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Жазбада оқиға осы жылдың 30 наурызында болғандығы айқын көрінеді. Видеоны жіберген дереккөз атын атамауды жөн көрген.

Ол көршісі екенін және «Нұрсат» шағын ауданындағы үйде мұндай жанжалдар көп болатынын айтты. Сондай-ақ, инсайдер видеодағы туған анасы мен қызы арасында келіспеушілік бар екенін хабарлады.

«Анасы туған қызына пышақ ала жүгірді. Мен олардың көршісімін. Олар жақында біздің ауданға көшіп келген. Балаларға көмектесіңізші», - деп жазды анонимді дереккөз "Отырар" телеарнасының редакциялық нөміріне.

Полиция қызметкерлері бейнежазбада көрсетілген адамдарды анықтап, бұл факті бойынша 2024 жылғы 31 наурызда қылмыстық іс қозғалған.

Видеодағы жасөспірім әйелдің бірінші некеден туған қызы. Ол қазіргі уақытта әкесінің қамқорлығында. Тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Сараптама тағайындалды.