Құлсарыда су астында қалған үй мен ғимарат саны 2500-ге жетті

Qaz365.kz редакциясы

ЖАО, ТЖД, ПД, ҚМ, Ұлттық ұлан күштері халықты эвакуациялауды жалғастыруда

Ашық дереккөзден

Төтенше жағдайлар министрлігі Атырау облысындағы су басу қаупіне байланысты соңғы ақпаратпен бөлісті, деп хабарлайды Qaz365.kz.


«22.45-тегі жағдай бойынша алдын ала ақпаратқа сәйкес 2500-ге жуық ғимаратты су басты», - делінген хабарламада.

ЖАО, ТЖД, ПД, ҚМ, Ұлттық ұлан күштері халықты эвакуациялауды жалғастыруда. Осы сағатта 4 мыңнан астам адам, оның ішінде 1 мыңнан астам бала эвакуацияланды.

Айта кетейік, Атырау облысында су тасқыны жағдайына байланысты Маңғыстау облысының ТЖД жедел тобы қазіргі уақытта жеке құрамнан 72 адам, шамамен 23 бірлік техника авариялық-құтқару мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу мақсатында Құлсары қаласына аттанды.

«Қазір Атырау облысында су тасқыны бойынша жағдай өте күрделі. Атырау облысында бес өзен бар, соның үшеуі Ақтөбе өңірінен, екеуі Ресейден бастау алады. Қазіргі таңда Ақтөбе облысынан бастау алатын екі өзеннен қауіп сейілді. Ал Жем өзені арнасынан шығып, Құлсары қаласындағы екі мөлтек ауданға су кірді. Нәтижесінде 100-ге жуық тұрғын үйді су басты. Осы орайда зардап шеккен тұрғындардың барлық шығыны өтелетінін айтқым келеді. Бәрін бақылауда ұстап отырмыз», - дейді Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов.