Оның айтуынша, уақытша орналастыру пункттерінде 13 328 адам, оның ішінде 6842 бала бар
ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаментінің бастығы Қаһарман Оразалин су тасқынан зардап шеккендердің дерегін жариялады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Ақтөбе, Қостанай, Павлодар, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында 3 391 жеке тұрғын үй, 1059 саяжай үйі, түрлі мақсатта қолданылатын 79 ғимарат су астында қалып отыр. Жалпы күшпен 63 927 адам құтқарылды және эвакуацияланды, оның ішінде 45 мүмкіндігі шектеулі адам және 15 283 бала бар», - дейді Қаһарман Оразалин.
Оның айтуынша, уақытша орналастыру пункттерінде 13 328 адам, оның ішінде 6842 бала бар. Бұл адамдар қажетті тұрмыстық заттармен қамтамасыз етілген, олармен психологтар жұмыс істейді, барлық қажетті көмек көрсетіледі деп отыр.
«Сонымен қатар 10 068 бас ауыл шаруашылығы жануарлары қауіпсіз қашықтыққа айдалды. ТЖМ, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан ұшқыштары шеберлігінің арқасында 2607 адам құтқарылды, оның ішінде 760 бала бар. Тәулігіне 243 адам құтқарылды. Құтқару операциясы өте қиын жағдайда өтті. Адамдарды үйлердің төбесінен эвакуациялау, арнайы техниканы, лебедкаларды пайдалану қажет болды», - деп атап өтті спикер.
96 тоннадан астам гуманитарлық жүк жеткізілді. 7,3 млн текше метр еріген су тартылды, 921 мыңнан астам қапшық және 970 мың тонна инертті материал төселді. Авариялық-құтқару жұмыстарына 8789 адам, 1756 бірлік техника, 415 су айдау және 65 жүзу құралдары жұмылдырылды.
12 әуе кемесі жауынгерлік кезекшілікте жүр. Еліміздің 10 өңірінде әкімдіктер жергілікті төтенше жағдай жариялады. Сенім телефонына 973 қоңырау түсті. Барлық өңірде тәулік бойы жедел штабтар жұмыс істейді.