Су тасқыны: БҚО-да үйін тастап кеткісі келмейтіндер көп

Qaz365.kz редакциясы

«Оралдықтар өз күштерімен, қайықпен әрекет етуде»

«Respublica» партиясы су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға гуманитарлық көмек көрсетіп жатыр. Партия өкілдері осы өңірлерде жүр. Партияның Жетісу облыстық филиалының төрағасы Ришат Асқарбекұлы қазіргі кезде Оралдағы зардап шеккен халыққа көмектесіп жатқан партияның аппарат мүшелерімен бірге. Ол Qaz365.kz тілшісіне өңірдегі соңғы жағдайларды баяндап берді.

«Оралда Жайық пен Шаған өзендері бар. Біреуі ортасынан, біреуі жаңынан өтеді. Екі өзенге бұрын-сонды болмаған су толған. Сондықтан халықтың арасында үрей бар. Қаланы су басты деп айтуға ерте. Бірақ олар да дайындалып отыр. Ресейден үлкен нөпірмен су келе жатқаны туралы ақпарат бар. Бұл 15-16 сәуірде жетуі мүмкін екені айтылады. Қазіргі кезде Жайық өзеніндегі су деңгейі 7 метрге  жетті. Су тасқыны басталғалы Жайық өзенінің Орал қаласының тұсындағы су деңгейі 676 сантиметрге жетті. Қауіпті деңгей – 850 сантиметр. Жайықтың жайылмасында 154 бау-бақша серіктестігі бар. Негізгі бөлігі судың астында. Біз алған мәліметтер бойынша 12 мың адам эвуакцияланған. Көбі мәжбүрлі түрде үйлерінен шығарылып, әкімдіктің көмегімен эвакуациялық орталықтарға жіберілген. Үйін тастап кеткісі келмейтіндер көп», - дейді Ришат Асқарбекұлы.

Ол бұған дейін әлеуметтік желіде саяжайдағы жағдайды видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге бөліскен еді.

«Соңғы 20 жылда осы аймақта қуаншылық, құрғақшылық болған. Су келмеген соң, тұрғындары өздері әкімшіліктен рұқсат алып, үйлер сала бастаған. Бұрынғы ескі саяжайлардың айналасын кеңейтіп, жағдайы орташа, арзан ақшаға жер сатып алып үй салғысы келетіндердің бәрі сонда қоныстанған. Арнайы бағбандық коперативі «Нұрлы жол» деп аталады. Сол жерлерге бардық. Толықтай судың астында жатыр. Тұрғындармен кездесіп, сөйлестік. Резеңке етіктерін киіп, үйлерін қимай, айналшақтап жүр», - дейді «Respublica» партиясы Жетісу облыстық филиалының төрағасы.

Ол жалпы су басу қауіпі бар екенін жасырмады. Сондай болжамдардың жасалып жатқанын алға тартты.

Сондай-ақ желіде әр түрлі аудио тарап жатыр: облыстық полиция, облыстық аурухана айналысып қоршады. Осыған қатысты Ришат Асқарбекұлынан анық-қанығын сұрадық.

«Ондай мәселе жоқ. Өзіміз де көрмедік. Қаланы араладық», - дейді ол.

Ал Respublica партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы Сұңғат Райымбектің сөзінше, оралдықтар өз күштерімен, қайықпен әрекет етуде.

«Орал қаласының оң жағы болсын, сол жағы болсын суға кетіп жатыр. Азаматтармен сөйлестік. Үйлеріне жетіп алсақ дейді. Сосын заттарын шатырдың үстіне шығарсақ та бірдеңе қыламыз деп отыр. Бірақ кешіккен сияқты. Өйткені судың деңгейі көп үйдің шатырына жетіп қалды. Халық 7-8 күн бұрын әкімшілікке ескерткен, бірақ бізді ешкім естімегенін айтып жатыр. Елдің көңіл күйі жоқ. Өз күштерімен, қайықпен әрекет етіп амалдауда. Кейбір тұрғындарға гуманитарлық көмек жетпеген. Сондай мұн-мұқтаждарын айтты. Сарапшы болмасам да, жағдай күрделі екенін байқап отырмын»,  - дейді Сұңғат Райымбек.

«Respublica» партиясының Алматы, Жетісу облыстары және Алматы қаласынан біріккен гуманитарлық көмегі Батыс Қазақстанға келіп жеткен. 90 текше метрлік фурадағы заттар қазір қоймаға сақталған. Екінші фура жолға шыққан. Мұнда 110 текше метр көлемінде бұзылмайтын азық-түлік бар. Бұл гуманитарлық Ақтау қаласына жөнелтіледі. Өйткені Құлсарыдағы су тасқынынан зардап шеккендер сол жаққа орналастырылған. Үшінші фура Атырау қаласына жөнелтілген. Мұнда 10-нан астам моторлы қайық, 600-ден астам резеңке етіктер бар. 1000-ға жуық көрпе-жастық, азық-түлік салынған.