Жайық көтеріліп, Оралдың саяжайларын су басып жатыр

Qaz365.kz редакциясы

ТЖМ мәліметінше, оқиға орнына БҚО, Қызылорда облысы, Астана қаласы ТЖД құтқарушылары және ТЖМ 28237 әскери бөлімінің әскери қызметшілері келді

ТЖМ

Орал қаласында Жайық өзеніндегі су деңгейі 852 сантиметрге жетті. Қазір қаланың маңындағы саяжай аумақтарын су басып жатыр, деп хабарлайды  Qaz365.kz.

ТЖМ мәліметінше, оқиға орнына БҚО, Қызылорда облысы, Астана қаласы ТЖД құтқарушылары және ТЖМ 28237 әскери бөлімінің әскери қызметшілері келді.

«Осы минуттарда Жайық өзені су деңгейінің көтерілуіне байланысты жер білігі арқылы су жүрді.  Орал қаласының маңындағы саяжай аумақтарын су басуда. БҚО, Қызылорда облысы, Астана қаласы ТЖД құтқарушылары және ТЖМ 28237 әскери бөлімінің әскери қызметшілері оқиға орнына келді. Адамдар алдын ала эвакуацияланған болатын. Алайда жергілікті тұрғындар арасында үйлерінен өз еркімен кетуден бас тартқандар да бар. Жергілікті полиция қызметкерлері оқиға орнында жұмыс атқаруда», - деп хабарлады ТЖМ.

«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының 21 сәуір таңғы сағат 08.00-дегі мәліметіне қарағанда, өзен деңгейі облыс орталығындағы гидробекетте бір тәулікте 24 сантиметрге көтеріліп, қауіпті шектен (850 см) асып кеткен.