Алматы облысында есірткі лабораториясы жойылды

Qaz365.kz редакциясы

360 миллион теңгеден астам соманың 20 мыңға жуық дозасы тәркіленді

polisia.kz

Алматы облысының полицейлері жыл басынан бері алтыншы есірткі лабораториясын жойды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Облыстың саяжай алаптарының бірінің аумағында полицейлер тексеру үшін Honda Odyssey автокөлігін тоқтатты. Тінту барысында салонда мефедрон психотроптық затының шамамен бір килограмм аналогтары табылды.

Полиция күдіктінің тұрғылықты жері бойынша тінту жүргізген. Осыдан бір ай бұрын Жамбыл ауданының аумағындағы саяжай үйлерінің бірінде ер адам есірткі лабораториясын ұйымдастырып, 5 кг жуық аталған затты өндіріп үлгергені белгілі болды. Тінту кезінде есірткі жасауға қажетті реактивтер, ыдыстар мен заттар табылды.

– Тергеу мен жедел уәкілдердің айтуынша, есірткі мегаполис аумағында сатуға арналған. Осылайша, Алматы көшелеріне 360 миллион теңгеден астам сомаға психотроптық заттардың ең мықты аналогтарының 20 мыңға жуық дозасының таралуына жол берілмеді, – деп атап өтті Алматы облысы ПД бастығы Бауыржан Аленов.

Есірткі заттарын заңсыз дайындау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті қамауға алынды.