Ол мән-жайды түсіндірді
Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев әлеуметтік желіде апта бұрын «су тасқынының салдарының жоюға арналған 1 миллиард теңгені жеп қойған» деген мәліметке байланысты мән-жайды түсіндірді. Аталған мәліметті өткен аптада Қаржы мониторингі агенттігі таратқан болатын, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Расында да, дәл осы ақпарат шыққанда жемқорларды жерден алып жерге салмаған адам аз. Депутат дереу Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің басшылығынан анық ақпарат сұратып, агенттік төрағасының орынбасары Қайрат Жақиянұлы Бижановпен кездескенін әлеуметтік желіде жазады.
«Мәселе былай: бүгінге дейін жөндеуден өтуі тиіс болған гидротехникалық нысандарға бөлінген ақшаның 1 миллиард теңгесін жемқорлар жеп қойған. Ұлытау, Ақтөбе, Қызылорда облыстары мен Алматы қаласында аталған факт бойынша 4 қылмыстық іс қозғалыпты. Тергеу аяқталғанда жемқорлардың есімін білеміз. Тағы бір маңызды мәселені көтердім АФМ басшыларының алдында. Қазір тасқынның салдарымен күреске жалпы (қайырымдылық, олигархтардың бергені, мемлекеттің бөлгені т.б.) 195 млрд теңге бөлінген деді агенттік өкілдері. Міне осы қаржының әр тиынын қадағалау керек Қаржылық мониторинг агенттігі», - дейді Нартай Сәрсенғалиев.
Депутат қазірдің өзінде топан судың астында қалған өңірлерде әлеуметтік азық-түлік бағасы мен құрылыс заттарының бағасын негізсіз көтеру фактілері тіркелгенін айтады. Мұндай жайттарға қарсы дереу шара қолданылатынын да атап өтеді.