Ол өз сөзінде істеген ісіне өкінетінін айтты
Екі жыл бұрын әлеуметтік желіде ұлтаралық алауыздыққа бағытталған әрекет жасағаны үшін сотталған блогер Мұрат Әбділдаға қатысты сот шешімі шықты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Блогер соттан жазасының өтелмеген мерзімін айыппұлға ауыстыруды сұрады.
Мұрат Әбділда өз сөзінде істеген ісіне өкініп, түзеліп жатқанын, дұрыс жолға түскенін айтты.
«Құрметті сот, кешірім сұраймын! Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ. Қателігімді мойындаймын. Сабақ алдым. Кешіріммен қарауды сұраймын! Мүмкіндік берсеңіздер», – деді Мұрат Әбділда.
Прокурор судьядан Әбділданың өтінішін қанағаттандырмауын сұрады. Ал адвокаты блогердің түрмеде отырған 2 жыл 2 айда мінездемесінің жақсы болғанын, үш рет алғыс алғанын айтты.
Сот Әбділдәнің бұған дейін дәл осы баппен екі рет сотты болғанын ескеріп, блогердің өтінішін қанағаттандырған жоқ.
Еске сала кетсек, блогер 2022 жылы ҚР ҚК 174-бабы, яғни, әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік алауыздықты азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн қорлауға бағытталған қасақана әрекеттер жасағаны үшін 4 жыл 6 айға сотталған еді.