Шенеунік өткен жазда ұсталған болатын
Шымкентте қала әкімінің орынбасары болған Мақсұт Исахов 8 жыл 5 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Сондай-ақ ол өмірінің соңына дейін мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылды.
Бұған дейін Шымкент әкімінің экс-орынбасарына қатысты дерек қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта қаралып жатқанын жазғанбыз.
Шенеунік өткен жазда ұсталған болатын. Исахов Шымкент қалалық Ұлттық қауіпсіздік департаментінің бірінші орынбасары Манат Сарбасовқа 200 мың доллар пара бермек болған. Прокурор Мұхтар Арыстановтың айтуынша, әкім орынбасары өз адамы арқылы қаладағы дүкендердің біріне 200 мың долларды пакетпен бірге тастап кетеді. Бұл қомақты қаражатты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері тәркілеген.
Бұған дейін шымкенттік блогер Айгүл Орынбек оның кәсіпкермен сөйлескен аудио жазбасын желіге жүктеген еді. Ол жазбада жергілікті кәсіпкерлердің бірі 2020 жылы қаладағы жылу құбыр жүйесін ауыстыратын мемлекеттік конкурсқа қатысқан. Ең төменгі бағаны ұсынса да, ашық конкурстан шеттетіліпті. Кейін сотқа беріп, жеңіске жеткен. Әкімдік сот шешімінен кейін бес күннен кейін келісімшарт ұсынуға тиіс еді. Алайда олай болмай шыққан. Осы тұста Мақсұт Исахов кәсіпкерге хабарласып, пара үшін 187 миллион теңге сұрайды.
Әкім орынбасарының пара сұраған сәтін кәсіпкер диктофонға жазып алған. Мақсұт Исахов нақты талап қойған: Яғни конкурстан бас тарт немесе 187 миллион теңге әкел деген. Оның үстіне, ақша қолма-қол қажет екендігін жеткізген. Кәсіпкер осы бойынша да құқық қорғау органдарына шағымданыпты, бірақ ешкім мән бермеген.