«100 мың теңгеден басталады»: ІІМ вице-министрі Қазақстандағы бала саудасы туралы айтты

Qaz365.kz редакциясы

Бала саудасы үшін 18 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген

Фото: ашық дереккөзден

Биыл Қазақстанда жаңа туған нәрестені саудалау бойынша үш жағдай тіркелген. Бұл туралы ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Оның айтуынша, былтыр елімізде адам саудасының 19 фактісі тіркелді.

«Бүгінде қозғалған істердің дені аяқталды, сәби саудасы үшін шамамен 16-17 адам жауапқа тартылды. Биыл нәресте саудасы бойынша үш факті тіркелді. Мұның бәрі өз еліміздің ішінде болған»,- дейді Қожаев мәжіліс кулуарында.

Осы орайда ол адам саудалайтындар бір сәби үшін қанша ақша сұрайтынын айтты.

«Бір сәби үшін 100 мың теңгеден 2 миллион теңгеге дейін барады», - деді ІІМ басшысының бірінші орынбасары.

Заңнамаға сәйкес, бала саудасы үшін 18 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Бүгін Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адам саудасына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдағанын айта кетейік.