Әскери мектептің оқушылары төбелесті
Павлодардағы Қабанбай батыр атындағы «Жас сарбаз» облыстық мамандандырылған әскери мектеп-лицей-интернатының оқушылары жаппай төбелесіп, үшеуі жарақат алды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қазір аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Өңірлік полиция департаментінің мәліметінше, 2007-2008 жылы туған оқушылар арасында жанжал туындап, соңы жаппай төбелеске ұласқан.
«Полиция қызметкерлері мектеп кабинеттерінің бірінде төбелес болғанын анықтады. Оның барысында кәмелетке толмаған үш оқушы дене жарақаттарын алған. Оларға медициналық көмек көрсетіліп, үйлеріне жіберілді. Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы, яғни бұзақылық бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деді Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Мамандардың айтуынша, оқу орнында тексеру жүргізіледі. Соның нәтижесінде мекеме қызметкерлеріне қатысты тәртіптік жаза қолданылады.