Полиция департаментінде бұл ақпаратты растады
Әлеуметтік желілерде Ақтау тұрғындары «Адай» базасының аумағында таксисті жолаушы өлтіріп кетті деп ақпарат таратып жатыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Lada.kz жазуынша, таксист пен жолаушы арасында жанжал туындаған. Салдарынан жолаушы таксисті өлтірген. Бұл ретте жолаушы да пышақ жарақатын алып, ауруханаға жеткізілген көрінеді.
Көпсалалы аурухананың баспасөз қызметі мәлім еткендей, 22 мамырда стационарға ішінен пышақ жарақатын алған науқас түскен.
«Кеше сағат 22.20-да 1979 жылғы пациентке шұғыл түрде ота жасалды. Қазір науқас жансақтау бөлімінде жатыр», – делінген хабарламада.
Полиция департаментінде бұл ақпаратты растады.
«Адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті тез арада ұсталды. Күдіктінің өзі жаралағандықтан, ол қазір ауруханада жатыр. Тергеу жалғасуда. Басқа мәліметтер тергеу мүддесі үшін жарияланбайды», – деді полицияда.