Ол Ақтау қаласының тергеу изоляторына қамалды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі Ақтау қалалық соты төрағасының ұсталғанын растады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Қылмыстық-процестік кодекстің 550- бабына сәйкес, Бас прокурормен келісілген сотқа дейінгі тергеу аясында Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі Ақтау қалалық сотының төрағасы ұсталды. Ол сенімді адамы – Ақтау қаласының тұрғыны арқылы сотталушыдан оған қатысты бас бостандығынан айырудан басқа жазаға үкім шығару сылтауымен 18 млн теңге көлемінде ақшалай қаражат алған», - деп хабарлады Антикор.
Дереккөз жазуынша, ол Ақтау қаласының тергеу изоляторына қамалды.
«Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі», - деп ескертеді Антикор.