Полиция қылмыстық іс қозғады
Тараз қаласында 4 адам мінген көлік қаланың қақ ортасында шұңқырға құлап кетті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«2024 жылғы 16 маусымда сағат 17:50-де Төле би даңғылынан Абай даңғылы бағытындағы «Lexus RX300» маркалы автокөлігінің жүргізушісі «3.1 Кіруге тыйым салынады және 1.23 Жөндеу жұмыстары» деп көрсетілген жол белгілерін елемей, магистральдық құбыр жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан автожолдың жабық учаскесіне кіріп, қоршалмаған шұңқырға құлаған», – делінген облыстық полиция департаментінің хабарламасында.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан жүргізуші, оның әйелі және екі кәмелетке толмаған баласы зардап шеккен.
Полиция қызметкерлері мердігер ұйымға қатысты қылмыстық іс қозғады. Тергеуге дейінгі тексеру жүргізілуде.
Көлік жүргізушісі жол белгілерін елемегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.
Қалалық әкімдікте айтылғандай, бұған дейін әлеуметтік желілер мен БАҚ-та осы жолдың жабылуы туралы ақпарат таратылып, арнайы жол белгілері орнатылған.