«Ауыр қылмыс»: депутат киіз үйде жалаңаш билегендердің әрекетін ЛГБТ насихатына теңеді

Qaz365.kz редакциясы

Ол тал түсте төрімізде тайраңдағаны – нағыз басынғандық, дейді

Видеодан скриншоттар

Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаев киіз үйде жалаңаш билегендерді жазалауды талап етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Ең аяулы дүниеңді аяққа таптаса, ұлттық киіммен жалаңаштанса, төріңде әуретін ашып тайраңдаса – бұл бүкіл ұтты, дені қазақ, рухы биік елімізді қорлаумен пара-пар. Ең сорақысы – әлгі жын-ойнақтаған үш ұзынның ортадағы «сирақты примасы» қызтеке екен. Бұл – халқымызға қарсы мысық тілеулі, теріс ниеттілердің алдын ала жете ойластырып, қазақы дүниені, ұлттық құндылықтарды құнсыздандыруға, мазақ етуге бағытталған қасақана жаулық әрекеті деп білеміз», – деді депутат ҰҚК пен Бас прокуратураға жолдаған депутаттық сауалында.

Ол тал түсте төрімізде тайраңдағаны – нағыз басынғандық, дейді.

«Олар бүгін төрімізде тайраңдаса, ертең төбемізде ойнамасына кім кепіл?! Сондықтан бұған көз жұмып қарап, жай қалдыра салуға болмайды. «Албасты қабаққа қарап басады» деген. Бұл біріншіден, қоғамның осы әрекетке қалай үн қататынын байқайын деген астыртын сыр тарту тәсілі болса, екіншіден, ЛГБТ насихатына тосқауыл қоймақ талапқа деген ашық қарсылық, үшіншіден, өскелең буынды өз ұлттық құндылықтарынан жеріндіру әрекеті», – дейді депутат.

Самат Мұсабаев E-petition.kz мемлекеттік платформасында ЛГБТ насихатына қарсы петиция жариялап, небәрі 2 аптада осы талапты қолдап, 50 мың қол жиналғанын айтады. Бұл – ЛГБТ-нің елімізге қажетсіз әрі жат құбылыс екендігінің, оған халықтың ашық қарсылығының анық көрінісі. Депутат алда өтетін петиция қорытындысын қарау отырысына қоғам белсенділерін, ұлт жанашырларын белсене қатысуға шақырады.

«Бейнероликтегі ұлттық құндылықтарымызды қорлау көрінісі – әбден шектен шыққандық. Сондықтан құқық қорғау органдары бейнеролик кейіпкерлерін, оларды ұйымдастырушыларды, түсіру тобын, идея авторларын тауып, заңға сәйкес қатаң жазалау қажет деп санаймыз. Бұдан былай ұлттық құндылықтарымыз – домбыра, қобыз, киіз үй, ұлттық киім, ұлттық тағам секілді асыл жәдігерлерімізді қандай-да теріс мақсатта пайдалану, мазақ ету – ұлт намысына қол сұғу, ұлттың беделін түсіруге бағытталған қылмыстық әрекет деп бағаланып, қылмыстық жауаптылықпен жазалануы тиіс», – дейді Мұсабаев.

Депутат Бас Прокуратураға, Ұлттық Қауіпсіздік комитетіне аталған бейнеролик бойынша құқықтық баға беріп, оған қатысты нақты шара қолдануды сұрады.