«Болашақ» бағдарламасы түлегіне қатысты дау шешімін тапты

Qaz365.kz редакциясы

Сот шешімі шықты

Фото: instagram

«Болашақ» халықаралық бағдарламасымен Ұлыбританияға аттанып, кейін өз мойнындағы жауапкершіліктен құтылып кетпекші болған түлек Валерия Гавриленко мемлекет алдындағы 30 млн теңге борышын өзі төлейтін болды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі azattyq-ruhy.kz-ке сілтеме жасап.

Бұған дейін стипендиаттың кепілгерлері журналистер Дәрібаева Мақпал мен Наталья Воробьева талап арызбен сотқа жүгінген болатын. Кеше сот шешімі шықты.

«Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының шешімімен Дәрібаева Мақпал мен Наталья Воробьева борышкерлерден (кепілгерлерден) Орталықтың пайдасына 28,5 млн теңге мөлшерінде берешек өндірілді. Апелляциялық сатыдағы бірінші отырыста алқа тараптарға істі бейбіт жолмен (медиациямен) аяқтау құқығын түсіндірді және қарау қорытындысы бойынша Астана қалалық соты алқасының көмегімен тараптар келісімге келді, оның шарттары бойынша стипендиат Валерия Гавриленкоға «Болашақ» халықаралық бағдарламалар Орталығы алдындағы берешекті өз еркімен өтеуге міндеттелді. Сот алқасының қаулысымен іс медиативтік келісім бекітумен аяқталды», – делінген соттың хабарламасында.

Жәбірленушілердің бірі журналист Мақпал Дәрібаева қазіргі таңда, «Болашақтың» оларға ешқандай шағымы жоғын, өздерінің де орталыққа шағымдары жоқ екенін хабарлады.

«Бүгінгі видеоүндеуде мен және әріптесім Наталья Воробьева, «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығындағы резонансты оқиға бейбіт жолмен өз шешімін тапқанын айтқымыз келеді... Валерия Гавриленко кепілдікке қайта пәтер қойып, оқуға кеткен шығынның барлығын өзі өтейтінін мойындап, келісімшартқа қол қойды», – деді ол.

Айта кетейік, 2016 жылы Дәрібаева Мақпал мен Наталья Воробьева «Болашақ» арқылы шетелге оқуға түскен журналист Валерия Гавриленкоға кепіл болады. Ал Гавриленко 2019 жылы «Болашақ» қызметкерлерімен сөз байласып, кепілде тұрған екі пәтерін шығарып, оларды сатып, Ұлыбританияға қоныс аударған.