Қазақстанның 4 қаласында террористік қауіптің «сары» деңгейі белгіленеді

Qaz365.kz редакциясы

Террористік қауіптіліктің «сары» деңгейі белгіленді

Фото: Gov.kz

Астана, Алматы, Қарағанды және Көкшетауда терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимі енгізіледі және террористік қауіптің «сары» деңгейі белгіленеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Қазақстанда 2-5 шілде аралығында маңызды халықаралық іс-шаралар, оның ішінде Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының кеңесі, Қытай Халық Республикасы Төрағасының мемлекеттік ресми сапары өтеді.

"Осыған орай әлемге белгілі тәжірибеге сәйкес уәкілетті мемлекеттік органдар келетін шетелдік делегациялардың, олардың ішінде мемлекет басшылары мен халықаралық ұйымдар басшыларының қауіпсіздігін жоғары деңгейде қамтамасыз етуге толыққанды шаралар қабылдайды. "Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы" заңның 12, 13 және 15-баптарына сәйкес күзетілетін тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша күзет іс-шараларын өткізу кезінде Терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық жедел штабтың басшысы ретінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі бастығының шешімі бойынша Астана, Алматы, Қарағанды және Көкшетау қалаларының жекелеген учаскелерінде терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимінде құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қолдау іс-шаралары өтеді. Құқықтық режим 2 шілденің 00 сағат 01 минутынан бастап 4 шілденің 23 сағат 59 минутына дейін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өткізілетін объектілер аумағына және күзетілетін тұлғалардың жүру бағыттарына орнатылады", - деп жазылған хабарламада.

Күзетілетін тұлғалардың Ақмола, Қарағанды облысы мен Алматы қаласы аумағына келген жағдайда олар келген кезеңге және осы өңірлерге болатын орындарына терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимі орнатылатыны айтылды. Терроризмге қарсы операция өткізу аймақтарында күзетілетін тұлғалар болған кезеңдерінде ол аймақтарда адамдардың және автокөліктердің қозғалуларына шектеу шаралары қолданылады. Күзетілетін тұлғалардың жүретін арнайы трассалар учаскелерінде қалалық жолаушылар көліктерінің қозғалыстары тоқтатылады. Тиісті бағдарлардағы өзгерулер туралы Астана қаласының әкімдігі хабарлайды.

Астана, Алматы, Қарағанды және Көкшетау қалаларының Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитін өткізу нысандарында 2 шілде сағат 00.01-ден бастап 4 шілде 23.59-ға дейін террористік қауіптің бірқалыпты ("сары") деңгейі белгіленеді. Бірқалыпты ("сары") деңгей уәкілетті мемлекеттік органдардың ұйымдастырушылық, әкімшілік және жедел іс-шаралар кешенін өткізетінін білдіреді:

  • жекелеген аумақтарда көлік құралдары мен жаяу жүргіншілердің қозғалыстарына шектеу енгізеді;
  • кинология қызметінің мамандарын тарта отырып, көшелерде, алаңдарда, стадиондарда, скверлерде, саябақтарда, магистральді теміржол желілерінде, теміржол вокзалдарында, автовокзалдарда, әуежайларда, метрополитен объектілерінде, бұқаралық және жаппай іс-шаралар өтетін орындарда патрульдерді күшейтеді;
  • жарылғыш құрылғыларды анықтау және жою бойынша террористік тұрғыдан осал объектілерге және адамдар көп жиналатын орындарға, бұқаралық және жаппай іс-шараларға қатысушылардың қозғалуларының негізгі бағдарларына тексеру жүргізеді;
  • әуежайларда, метрополитен объектілерінде, теміржол вокзалдарында және автовокзалдарда жете тексеру іс-шараларын өткізу барысында арнайы техника құралдарын пайдалану арқылы режимдік шараларды күшейтеді.

"Арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының жұмысына түсінікпен қарауларыңызды және олардың қызметкерлерінің заңды талаптарын сақтауды сұраймыз", - делінген хабарламада.