Әлеуметтік желіде қоныс той жасағандардың видеосы тарады
Көктемде баспаналары суға батқан Атырау облысы Құлсары ауданының тұрғындары жаңа баспанаға көшіп жатыр. Әлеуметтік желіде қоныс той жасаған қуаныш иелерінің видеосы қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Сәуір айының басында баспанасыз қалған тұрғындар бір айға жуық уақыт бойы эвакуациялық пункттерде тұруға мәжбүр болғаны белгілі. Олар тура бір ай уақыт өткеннен кейін мамыр айында өтемақы мәселесі бойынша наразылық білдірді. Тұрғындар баспананың шығынын өтеуді талап етіп, орталық алаңға жиналды.
Олар бір шаршы метр үшін 400 мың теңге төлеуді талап етті және ақша қолға берілсін не “есепшотымызға аударылсын” деген талап айтты.
Кей тұрғынның айтуынша, алаңға жиналған тұрғындар қарасы көбейіп, бірнеше жүзге жеткен.
Олар талаптарын орындалмайынша алаңнан кетпейтінін айтқан. Халықты сыртынан полиция бақылаған. Кейіннен аудандық мәдениет үйінде келісім жасалып, халықтың қойған талабы оң шешілгенін жазған едік.
Бүгінде құлсарылық тұрғындар қоныс той жасауды бастап кеткен. Олардың бірі Берік есімді азамат су басқан екі үйінің орнына мансард үй сатып алған.
«Су тасқыны кезінде 2 бірдей үйін су басып, қазір Аллаһтың қалауымен нағашыларым үлкен мансард үйлі болды», - деп жазды Айзада есімді келіншек Tik-Tok парақшасында.
Айта кетейік, Құлсары қаласында су тасқынынан зардап шеккендерге тұрғын үйлер салынып жатыр.
Жылыой ауданында 80 үйдің іргетасы құйылған. Қазір 29-ында қабырғалар тұрғызылып жатыр. Тасқыннан зардап шеккен құрылысты жандандыру үшін үй тұрғызу мен жөндеу жұмыстарына жергілікті 7 мердігер тартылып, 100-ден астам жұмысшы еңбек етуде.
Жергілікті биліктің мәліметінше, құрылысты 2024 жылдың қыркүйек айына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Ахуалдық орталығының мәліметі бойынша, Атырау облысында 2 674 нысанға техникалық тексеру жүргізілді, оның нәтижелері бойынша 100 үй салу жоспарланған.
1 376 үй сатып алу көзделсе, бүгінде 1 341 баспана сатып алынды. Ал 1 198 үйді жөндеу көзделсе, қазір 1 174-інде жұмыстар аяқталды.