Олар үйреншікті дәріні екі есе қымбатқа өздері сатып алып жүр
Алматыда бүйрегін ауыстырған науқастар өзі ішіп жүрген дәріні өзгесіне алмастыруға қарсы. Өйткені Үндістанда өндірілген басқа дәрі денсаулықты одан әрі құртады деп қорқады. Әзірге дәл осы препараттың зардабын тартқан ешкім жоқ. Науқастарды алаңдатып отырғаны – бағасы. Бұрынғысынан екі есе арзан үндістандық өнім жауапты министрлікті де қызықтырған сыңайлы, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі ktk.kz-ке сілтеме жасап.
Даудың басы – осы дәрі. Бүйрегін ауыстырған науқастар ауруханаларда берілетін үндістандық өнім ағзаға кері әсер етеді деп қорқады. Сондықтан үйреншікті дәріні екі есе қымбатқа өзі сатып алып жүр. Гүлдана Байшуақова сегіз жыл бұрын бүйрегін ауыстырған. Бір өлімнен аман қалған ол жаңа дәріге күмәнмен қарайды.
«Егер де осы дәріні ішетін болсам, бүйрегіме қауіп төніп тұр. Бүйрегім қайтадан істемей қалуы мүмкін. Шетелде бүйрек ауыстырған кезде 30 миллионнан 35 миллион арасына дейін кетеді. Оған менің қаражатым жетпейді. Біздің мемлекеттен сұрайтынымыз ,тек қана бір нәрсе – біздің бастапқы дәрімізді қайтарса. Біз өмір сүргіміз келеді. Біз де қоғамға пайдасы тиіп жүрген адамбыз», – деді Гүлдана Байшуақова
Мәселе жыл басында басталған. Денсаулық сақтау министрлігі жаңа препаратты бекіткенімен, ең қызығы, науқастар ішіп үйренген бұрынғы дәрі де дәріхана сөрелерінде толып тұр. Тек оны өз ақшаңа сатып алуың керек. Әр қорапшаның құны 5 мың теңге.
«Тапқан-таянғанымыздың бәрі дәрі-дәрмекке кетіп жатыр. Енді қарап отырсаңыз, жан ашитындай бір жағдай жасау керек деп ойлаймын. Бізді мүгедек екен деп, қоқысқа тастай салуға болмайды. Ары қарай балаларымыз тірлік істсе екен дейміз», – деді Ғалия Мыңбаева.
Жалпы ел бойынша бүйрегін ауыстырғандар саны 2 мыңнан аспайды. Кезегін күтіп, диализге мұқтажы тағы бар. Осы ем-дом, операцияға дейін барлығы Қазақстанда мемлекет есебінен жасалады.
«Мемлекетке үлкен шығын. Бір күндік диализ 60 мың теңге ,бір кісіге жаратылады. Бұл жердегі дәрі көп емес, бес-ақ препарат, өзгертілуге кетпесін деген. Cоны бізге қайтарып берсе, бізде ешқандай басқа сұрақ жоқ. Ал егер қайтадан диализге сол кісілеріміз қайтып келген жағдайда мемлекетке үлкен шығын келеді», – деді SENIM Республикалық қоғам бірлестігінің төрағасы Ғази Бесбаев.
Ал мамандар науқастардың алаңдауына негіз жоқ деп отыр. Өйткені бұрынғысының да, қазіргі дәрінің де құрамы бір. Өзгешелік тек атында ғана және өндірушіде екен.
«Екеуі де бірдей дәрі түрде шығады. Яғни таблеткалар. Мөлшері де бірдей. Сапа жағынан айтатын болсақ, үнді препараты да, Финляндия препараты да бірдей сапалы. Енді үнді өндірушісінің препаратын айтатын болсақ, әрине, бізде осындай Генерик болып келетін дәрілерге қойылатын талаптар бар. GMP стандартына сай келетін өндірушілерді бүкіл дүниежүзілік өндірушілерді базадан тексеруге болады. Сол базада осы өндіруші туралы 2017 жылдан Еуропаның GMP инспекциясынан өткізіліп отыр», – деді , Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының департамент басшысы Шынар Байдуллаева
Қамкөңіл науқастар сонда да үйреншікті дәрісін ауыстырғысы келмей, бұрынғыны қалдырса деп отыр. Елімізде қазір трансплантацияға тағы 4 мыңнан астам науқас кезекте тұр.