Ақши ауылы маңында Алакөл көліне дельтаплан құлаған
Азаматтық авиация комитеті 25 шілдеде Алакөлде болған әуе апатына қатысты тексеру жүргізіп, оның нәтижесін жариялады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Бұл әуе кемесі азаматтық әуе көліктерінің мемлекеттік тізімінде тіркелмеген, тиісінше, ұшуға жарамды деген сертификаты да жоқ болып шықты», - деп хабарлады комитет.
Айта кетейік, 25 шілдеде Жетісу облысы Алакөл ауданы Ақши ауылы маңында Алакөл көліне дельтаплан құлаған. Салдарынан екі адам зардап шегіп, ауруханаға жеткізілді.
Комитеттің хабарлауынша, ұшқышта авиация персоналының қолданыстағы куәлігі де жоқ.
«Әуе кемесінің құлау себептерін тергеумен құқық қорғау органдары айналысады. Әлеуметтік желілерде әуе кемелерінде, шарда және өзге де ұшу аппараттарында әуе сапарын жарнамалау жағдайлары жиілеп кетті. Ұшу қауіпсіздігіне күмәніңіз болса, ақпарат алу үшін Азаматтық авиация комитетіне және «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ-ға хабарласыңыз», - дейді мамандар.