«Сендерді жек көремін»: қызметкерлерін балағаттаған Жамбыл полициясының бастығы қызметінен шеттетілді

Qaz365.kz редакциясы

Ішкі істер министрлігі аталған мәселеге қатысты түсініктеме берді

Фото: Жамбыл облысының Полиция департаменті

Жамбыл облысының полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймурзинге қатысты қызметтік тексеріс тағайындалды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Жамбыл облысының полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймурзиннің қол астындағы қызметкерлеріне ұрысып, бейәдеп сөздер айтқан видеосы әлеуметтік желіде тараған болатын.

Видеода Арманбек Баймурзин жиналыс кезінде үстелді бір қойып, қызметкерлерін балағаттап, «Сендерді жек көремін. Бұл жерден жоғал» деген сөздерді айтқаны байқалады.

Осы видеоның таралуына байланысты Ішкі істер министрінің тапсырмасымен қызметтік тексеріс тағайындалды.

«Министрлік өкілдері мен ІІМ ішкі қауіпсіздік қызметінің мамандары өңірге жіберілді. Қызметтік тексеріс жүргізу кезеңінде Арманбек Баймурзин қызметінен шеттетілді», - делінген ІІМ хабарламасында.