TikTok-та құмар ойын ұйымдастырған: Астанада блогерлер сотталды

Qaz365.kz редакциясы

Үкім заңды күшіне енді

Фото: ашық дереккөзден

Блогерлер TikTok әлеуметтік желісінде құмар ойындарын ұйымдастырғаны және өткізгені үшін сотталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Астана қаласы прокуратурасының хабарлауынша, сот үкімімен елорданың 2 тұрғыны Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы заңнамасында белгіленген орындардан тыс жерлерде құмар ойындарды ұйымдастырғаны және өткізгені үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

«Кінәлі деп танылған тұлғалар TikTok әлеуметтік желісінде «Зарик» атты құмар ойын өткізді. Ойынның шартына сәйкес, тікелей эфирге қосылған азаматтар 500-ден 4000 теңгеге дейінгі мөлшердегі белгіленген соманы ұйымдастырушының есепшотына есімін және ұтыс алу үшін жеке телефон нөмірін көрсете отырып жолдайды. Бір ойын тек екі қарсыластың арасында өтеді. Бәс тігудің жеңімпазы 3 ойын текшесін айналдыру арқылы анықталып, жеңімпаз атанады», - деп жазылған хабарламада.

Құмар ойын ұйымдастырушылар жалпы сомасы 34 млн теңге заңсыз табыс тапқан.

Үкім заңды күшіне енді.