Қанды қылмыс былтыр тамыз айында болған
Түркістан облысында бір әулеттің 5 адамы бірдей ауыр жаза арқалады. Екі адамды атып өлтірді деген күдікке іліккендердің екеуіне 20 жыл, қалған үшеуіне 25 жыл жаза кесілді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.
Қанды қылмыс былтыр тамызда Арыс қаласында болған. Жер үйдің ауласында демалып отырған жігіттерді бетін тұмшалаған екі жендет қарумен атып кеткен. Оқиға орнында бокстан бұрынғы облыс чемпионы, «Черный Алмас» лақап атымен танымал Алмас Жолдасов пен 23 жасар Жандаулет Қабылов көз жұмды. Жарақат алған тағы екі адам ауруханаға жеткізілген. Жараланғандардың бірі полиция қызметкері екен.
Көп ұзамай 53 және 25 жастағы жалдамалы жендеттер ұсталды. Олар тіпті адам өлтіруге тапсырысты кім бергенін де айтып берген. «Черный Алмас» сотталушылардың туысын өлтірген екен. Кек қайтару үшін жиналған бір әулеттің жігіттері екі туысын дайындап, қаруына дейін сайлап берген.
Кісі өлтірген ағайындылардың екеуі 20 жылға, ал 24, 26 және 20 жастағы қылмысты ұйымдастырушылар 25 жылға сотталды.