Кесер тілігі арқылы жарық дүние есігін ашқан сәбилер дін аман
Қарағандыдағы перзентханада үш алып нәресте дүниеге келді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Бірінің салмағы бес жарым келі болса, қалған екеуі де соған жетеқабыл. Кесер тілігі арқылы жарық дүние есігін ашқан сәбилер дін аман. Бірақ дәрігерлер алпамсадай балалардың көбеюі дұрыс емес деп отыр.
Бес келіден артық болып туылған нәрестелердің үшеуі де қыз. Олардың алып болып туылатыны бір ай бұрын болжанып, жоспарлы отаға жатқызылған. Бәрі сәтті өтіп, балалар анасының қолына берілді. Жалпы жыл басынан бері Қарағандыда осындай 59 бала дүниеге келген. Он баланың салмағы бес жарым келінің айналысында болған. Бұл ауыр салмақ. Кейінгі кезде алып балалардың жиілеуі жақсы емес дейді ақ халаттылар. Өйткені бұл баланың да, ананың да денсаулығына қауіп төндіреді. Әйелдер жүктілікке ерте дайындалып, ең алдымен ағзасындағы қант деңгейін тексеруі керек. Тамақты, оның ішінде фастфудты көп жеу мен аз қозғалу да іштегі баланың тез өсіп кетуіне әкеледі дейді.
«Тәтті нан жейді. Қимыл-қозғалысы аз. Көп серуендеу керек. 5 келіден асатын болса, онда шешімді консилиуммен қабылдаймыз, кесер тілігін жасау керек, ананың да, баланың да жарақатын төмендету үшін», – деді Қарағанды облысы клиникалық аурухананың №2 перинаталдық орталығының меңгерушісі Жарқын Нүркеева.