Оның айтуынша, 2018 жылдан бері неге арыз бермеуінің себептері бар көрінеді
Кәсіпқой боксшы Жанқош Тұраров зорлады деген Әнару Қалдыбекқызына белгілі адвокат Ләззат Ахатова қорғаушы болмақ. Ол әзірге белгілі ақпараттарымен бөлісті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Жанқош Тұраровқа қатысты іс бойынша жәбірленуші Әнару Қалдыбекқызының ресми қорғаушысымын. Қазір Алматыдамын. Іс бойынша шиеленіскен жайттар өте көп. Әзірге біразына тоқтала кетейін. Әнаруға бұндай қадамға бару оңайға соқпаған. Қыз қатты күйзелісте жүргендіктен, сұқбатта ойын жинақтай алмай, көп нәрсені айта алмаған. Өзіне бүкіл әлем түсінбей, қарсы болатындай, тіпті суицид жасардың алдында айтып кетем деген ой болған сияқты. Дегенмен мықты екен. Буллингке қарсы тұрудың өзі мықтылық қой», – дейді Ләззат Ахатова.
Оның айтуынша, 2018 жылдан бері неге арыз бермеуінің себептері бар көрінеді.
«Әнару Жанқош Тұраровтың үстінен 2018 жылы Алмалы аудандық полиция бөліміне арыз берген екен. Бір күн қамауда ұстап, арызын қабылдамай, жіберген. Ол жолы оперлар ұрып-соқпаған. Қамап, босатып жіберген. Куә болған құрбысы бар. Қажет болса, тергеуге де, сотқа да барып, куәлік ете алам деп отыр. Бұл бір. Екінші рет 2023 жылы жәбірленуші Тұраровқа қарым-қатынасты тоқтататынын айтып, енді жайына қалдырмаса, үстінен арыз жазатынын айтқан. Артынша көшеде Әнаруды полицейлер ұстап, машинаға салып, Жетісу аудандық полиция бөлімшесіне алып келіп, бірнеше сағат ұрып-соққан. Сондай-ақ электрошокермен күйдіріп, қинаған. Себеп-салдарын айтпаған. Не болғанын да түсінбеген Әнару Қалдыбекқызы ұрып-соққан полиция қызметкерінің үстінен арыз түсірген. Іс сол күйі жабылып кеткен», - дейді адвокат.
Ол аталған оқиғаларға қатысты тиісті мекемелерге ресми адвокаттар сауалдар жолдап жатырмын деп отыр.
«Енді тергеудегі заңсыздықтарға келсек, Әнару арызды 19 тамыз күні жазады. Ертесіне, яғни 20-тамыз күні күдіктімен беттестіреді. Ал сараптамаға үш күннен соң ғана жібереді. Қылмыстық процестік заңнама талаптары бойынша зорлауға қатысты арыз түссе, бірінші кезекте, уақыт оздырмай, бірден сараптамаға жіберу керек. Осында отырған заңгерлер бұл сөзімді растар», - дейді қорғаушы.
Ол сараптаманың да заңдылықтардың сақталып жасалғанына күмәнім көп деп отыр.
«Сол себепті Астанадағы тәуелсіз сот сараптама орталығының нұсқауымен ертең тәуелсіз сарапшылар мен дәрігерлердің қарауына жазылып қойдық. Өз бетімізше тексеріліп, мамандардың қорытындысын алатын боп, шештік. Мүмкін қосымша қайталама сараптама жасауға талап-тілек қоятын шығармыз. Тағы бір айта кететін жайт Тұраровтың адвокатының айтқан арыз жазуға жәбірленуші мас боп келіп, киімін жыртып, бейәдеп қылықтар көрсетті деген уәжі бойынша мынаны мәлімдейміз: Сол күні арыз жазатынын Тұраровтың әйелі білген. Әнаруды арыз жазуға итермелеген тағы бір жағдай - боксшының әйелінің қорлаған сөздері. Екеуінің жазбасы бар. Мұнда сала алмаймын, тергеуге, сотқа дәлел ретінде өткіземіз. Әуезов аудандық полиция бөліміне келгенде, Әнарудың алдынан екі қыз шығып, «Жанқоштың үстінен арыз жазбақшы боп жатқан шалава?» деп, арандатып, футболкасын жыртып, видеоға түсіріп алған. Ол екі қызды полиция қызметкерлері қарсы алғанын көргендер де бар. Соған қарағанда, бұл да ұйымдастырылған нәрсе деп топшылаймын», - дейді Ахатова.
Ол сонымен қатар Жанқош Тұраров 2014 жылы Индира есімді тағы бір қызды Әнару сияқты алдап, қонақ үйге апарып, дәрі беріп, зорлаған екен деп отыр.
«Индираның боксшыдан бір қызы бар боп шықты. Бұл жағдай Тұраров үйленбей тұрғанда болған. Бұдан бөлек, 2006 жылғы бір қызды да дәл осы әдіспен құрығына түсірген деген мәлімет жетті. Тек қыздың кім екенін әзірге анықтай алмадық», - дейді адвокат.
Фото: Facebook / Lyazzat Akhatova