Зардап шеккен адамдар туралы ақпарат түскен жоқ
Бүгін түнде Алматы қаласындағы тұрғын үй кешендерінің бірінің паркингінде БМВ автомашинасы жарылды. Оқиғаның бейнеролигін Qaz365.kz редакциясына оқырмандар жолдады.
Куәгерлердің айтуынша, оқиға «Ақбұлақ» ТК-де түнгі сағат 00:10 шамасында болған.
Біздің оқырмандар жіберген бейнекадрларда ер адамдардың тұрғындарды, соның ішінде балаларды қауіпсіз жерге көшіріп жатқанын көруге болады.
«Кейбір адамдар түтіннің иісіне тұншығып қалды. Жеті адамды таза ауаға алып шықтық», – деп жазды куәгерлер.
Аталған жағдайға байланысты Алматы қалалық ТЖД баспасөз қызметі түсінік берді.
«3 қыркүйекте сағат 00.59-да Алмалы ауданының құтқарушылары Е. Брусиловский көшесіндегі 18 қабатты үйдің паркингінде 10 шаршы метр алаңда отқа оранған BMW және Hyundai Accent автокөліктерін сөндірді. Өрттің себебі анықталуда. Абырой болғанда, зардап шеккен адамдар туралы ақпарат түскен жоқ», – делінген ресми хабарламада.