«Табандап бір сағат отырдым»
Журналист Гүлбағыш Бостан Медеу ауданының Халыққа қызмет көрсету орталығында өзіне керекті құжаттың нұсқасы қазақ тілінде берілмегеніне шағымданды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Табандап бір сағат отырдым»
Гүлбағыш Бостан Медеу ауданындағы ХҚКО-ға барып, менеджердің алдында табандап бір сағат отырып келгенін жазды. Оған орталық қызметкерлері көпбалалы ана екенін растап, оны «созғызасың» деп талап қойған. Алайда қолына берген анықтамасы орыс тілінде болып шыққан.
«Орыстілді менеджер толтыруға көмектесейін деп жағдайды реттегісі келіп қояды. Содан бүкіл қызметкері шу-шұрқан болып қазақшасын іздеп кетті. Оң жағымда Ресейден пашкі-пашкісімен келіп жатқан орыстар - құжат рәсімдеудің оңайлығына риза болысып отыр. Ал біз отырмыз 40 минуттан бері күніге бәленбай адам толтыратын анықтаманың қазақшасын таппай. Қырсыққанда соңына дейін отырамын. Әгәрәки тағы да бір-екі бөпе туып, құжатын алатын болып жатсаңыздар, анықтаманы тіреліп отырып қазақшасын алыңыздаршы. Түрі ақшыл менеджер қыз орысша сайрап отырған, бір қарасам қазақша сойып жүр», - дейді ол.
ХҚКО түсініктемесі
Qaz365.kz тілшісі осы ретте Медеу аудандық халыққа қызмет көрсету орталығына хабарласып, мән-жайды сұрады. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында мемлекеттік қызмет қызмет алушы жүгінген тілде көрсетіледі деп сендіреді ХҚКО.
«Мемлекеттік қызметті алу үшін толтырылатын арнайы өтініштер де екі тілде ұсынылады. Бөлімге қызмет алуға келген қызмет алушылардың 90 пайызы өтінішті орыс тілінде талап ететіндіктен, қызметкер тарапынан өтініш автоматты түрде орыс тілінде берілген (осыдан бұрын басқа қызмет алушы өтінішті орыс тілінде беруін талап етіп, наразыланған). Алайда қызмет алушының сұранысы бойынша өтініш қазақ тілінде шығарылып берілген. Қызмет алушыдан келтірілген қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз», - деп ХҚКО қосымша өтініштің қазақша нұсқасын редакцияға жолдады.