Адам сенгісіз жағдай – Таразда сот шатасып ағасын інісінің құжатымен соттап жіберген

Qaz365.kz редакциясы

Тілшілер осы мәселемен түрме бастығына барған

Скриншот

Тіркеуде сотталып кеткен тұрғын түрме есігін күнде сырттан тоқылдатып жүр, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Информбюроның хабарлауынша, мұндай жағдайға түзеу мекемесінің басшылығы мен прокурорлар да аң-таң. Белгілі болғандай Қызылордада жасаған қылмысы үшін Ержан Болатовтың туған ағасы істі болған екен. Бірақ тергеу барысында да, адам тағдыры шешілер сот отырысында да жеке басы анықталмай, інісінің құжатымен шешім шығарып жіберген. 

Тілшілер осы мәселемен түрме бастығына барған. Сұрақты түсінгенмен, сотталған адамның сырттан келіп тұрғанына түрме басшылығы да таңданыспен қараған.

«Менің осы системада жұмыс істеп жүргеніме қанша жыл болды. Бірінші рет осындай жағдайды көріп отырмын», - дейді Жамбыл облыстық ҚАЖД №59 бастығы Руслан Уразметов.

Жағдай былай: Қызылордаға жұмысқа барған Махамбет Болатов істі болады. Қолға түскен сәтте інісінің жеке куәлігі қалтасынан шыққан. Куәліктегі суреті аумаған соң тергеушілер анықтауға емес дереу соттауға асыққан. 

«Тексермеген. Менің ағам айтқан ол кісілерге айтқан. Бұл менің інімнің паспорты. Мен емес. Менің атым Болатов Махамбет. Ал паспорт менің інімнің паспорты деп айтқан. Ол кісілер оған сенбей Махамбет емес Ержан деп соттап жіберген. Негізі Болатов Ержан мен боламын», - дейді Ержан.

Осылайша осы жылдың маусымында Қызылорда қалалық №2 соты Махамбет Болатовты ұрлық жасағаны үшін үш жылға бас бостандығынан айырады. Бірақ құжат бойынша інісін соттап жіберіпті. Бір қызығы баласының сотталып жатқанынан жақындары бейхабар болған. Бұл жағдайдан соң прокурорлар саусақ іздерін сараптап, қамаудағы азамат Ержан емес туған ағасы Махамбет екені белгілі болыпты. 

«Сотталған Болатовтың өзінің туған інісінің құжаттарымен Қызылорда қаласының сотымен басқа есімде заңсыз сот үкімі шыққаны анықталды. Ол мән-жайларды дәлелдеу үшін біз қажетті сарапшыларды тарта отырып бұл жағдайларды дактилскопиялық мамандардың зерттеуі арқылы сотталғанның сөзінің растылығы орнын тауып тиісті хат, бас прокуратураға және Қызылорда облыстық прокуратурасына жолданған», - дейді Жамбыл облысы прокуратурасының басқарма прокуроры Асылбек Пешеков.

Қазір құжаттан жаңылысқан жағдай бойынша іс қайта қарауға жіберілді. Ал судья жаңылған жерін білуге мұрағат ақтарыпты. Онда тергеушілердің көрсеткен биологиялық сараптамасында қылмыскер Ержан Болатов деп көрсетілген дейді. Сот соған сай құқықтық баға бергенін жеткізді. Ал тергеу барысында ағаттықтықтың кім жібергені ендігі тергеумен анықталатын болды. Оған дейін Ержан Болатов көлденең кісі көзіне көрінуден қорқады. Жұмысқа да тұра алмай жүр.