Алматы облысында оқушылар өзінен кіші баланы айдалаға апарып, әлімжеттік жасаған

Qaz365.kz редакциясы

Оқиғаға қатысты Алматы облысының полиция департаменті пікір білдірді

Скриншот

Алматы облысы Талғар ауданында мектеп оқушылары өздерінен кіші ұлды айдалаға апарып, аяусыз ұрған, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл жайлы Алматы облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Алена Нефф жазды. 

Оның айтуынша, биыл, 20 шілде күні бір топ ұл өздерінен кіші ұлды адам қарасы аз жерге апарып, ұрып-соққан. Бұл бала біраз уақыт бұрын ересектермен еріп жүріп, сол ортаға кіргісі келген. Алайда, үлкен ұлдардың істеген әрекеттері мен сөйлеген сөздері ұнамаған соң, ол ортадан шығып кеткен. Осыған байланысты ересек ұлдар оған «сабақ болсын» деп, оны айдалаға апарып, ойларына келгенін істеген.

«Бір топ бала оны қоршап алып, камераны қосқан. Араларынан біреуі шығып баланы қатты ұрып-соққан. Қолын ағашпен ұрған. Ақша бопсалаған. Осының бәрін сырттан бақылап тұрған оқушы қыздар мен ұлдар күліп, баланы мазақ ете бастаған. Бұған мәз болған үлкен жігіт баланы одан сайын ұрған. Баланың рухын сындырған ол «бізбен дос болғың келмегені үшін кешірім сұра» деп камераға түсірген», - деді адвокат.

Аталған оқиғаға қатысты Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.

«Баланың денсаулығына жеңіл жарақат салғаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Қазір оқиғаны жан-жақты зерттеу үшін тергеу жүріп жатыр», - делінген полиция хабарламасында.