Сот шешімі шықты
Түрмеде отырған экс-министр Қуандық Бишімбаевтан Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін ағасы Айтбек Амангелді моральдық және материалдық шығынды өндіруді талап етіп арыз түсірген болатын. Осыған байланысты сот шешімі шықты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Айтбек Амангелді қайғылы оқиға салдарынан моральдық азап шеккенін, денсаулығының нашарлағанын және қайғылы оқиғаға байланысты еңбекке қабілеттілігін жоғалтқанын айтқан.
Ол қылмыстық іс аясында заң қызметтеріне төлеуге кеткен шығындарды өтеуді де талап еткен.
«Сот парасаттылық пен әділдік қағидаттарын негізге алып, жақын туысының қайтыс болуы сөзсіз талап қоюшының моральдық жағдайына кері әсерін тигізіп, оның жеке мүліктік емес құқықтарын бұзғанын ескере отырып, талап-арызды ішінара қанағаттандырды», - деп мәлімдеді Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты.
Жауапкерден іс бойынша жұмсалған шығын ретінде 6 877 672 теңге мөлшерінде, сонымен бірге 10 миллион теңге сомасында моральдық зиянды өтеу жөнінде шешім шықты.