Қазір референдум ел ішінде көп талқыға айналған
Shakarim университетінде Қазақстанның энергетика саласының жай-күйін және атом электр станциясын салу перспективаларын талдау мақсатында «Бейбіт атомның артықшылықтары» атты дөңгелек үстел болып өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Университет басшысы Д. Орынбеков қатысушыларды 28 қыркүйек – атом саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында өткізіліп отырған іс-шараның маңыздылығына тоқтала келе, АЭС салу – еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ету екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол өз сөзінде Shakarim University осы бағытта ұзақ жылдар бойы мамандар даярлап келе жатқан өңірлік жоғары оқу орны және Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталықпен тығыз серіктестік қарым-қатынас орнатқан бірегей ғылыми орталық екенін айтты.
Дөңгелек үстел барысында Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі, «Атамекен» ҚР ҰКП, «Қазақстанның ядролық қоғамы» қауымдастығы өкілдері, Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті, Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті, Алматы энергетика және байланыс университеті, Қарағанды индустриялық университеті, Торайғыров Университеті және Shakarim University профессорлық-оқытушылық құрамы мен білім алушылары және Абай облысы қоғамдық ұйымдарының өкілдері қызу пікір алмасты.
Сонымен бірге, шетелдік сарапшылар Хиросима Университетінің профессоры Масахару Хоши мен Паннония Университетінің ғалымы Миклош Хегедуш атом энергетикасын дамытудың халықаралық тәжірибесі жөнінде баяндамаларын ұсынды.
Референдум
Қазақстандағы тұңғыш атом электр станциясының құрылатынын шешетін референдум 2024 жылғы 6 қазанда өтеді деп жоспарланған. Референдумде ұсынылған ойды дауыс берушілердің көпшілігі қолдап дауыс беріп жатса, елдегі тұңғыш атом электр станциясы Алматы облысының Үлкен ауылында салынады.
Қазір референдум ел ішінде көп талқыға айналған.