Ешқандай сотсыз, дәлелсіз менің салып жатқан құрылысымды алып қойды
Рейдерлік әрекетке тап болған «Ер-Тау» ЖШС құрылыс компаниясының басшысы Мұрат Тасов бұл жолы Астанаға барып, Ақорданың сыртында тұрып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұған дейін ол шілде айында Алматыда баспасөз мәжілісін өткізіп, барлығын баяндап берген еді. Астанада көп пәтерлі тұрғын үй тұрғызған компания "жалған" мердігермен шарт жасасамын деп, заңсыздыққа тап болған.
«Құрметті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мырза! Сізге шағымдануыма тура келіп тұр. Өйткені басқа барар жерім жоқ. Сіз, әрине, Ақорданың ішіндесіз, мен сыртындамын. Бірақ осы бейнеүндеуім жететін шығар деп үміттенемін. Өйткені үмітіміз тек сізде. Президент ретінде Конститутциямыздың кепілісіз. Сондықтан өзіңізге сенім артамын. Құрметті Президент мырза! Маған бірдеңе болып жатса, Астана қаласының ведомстворалық комиссиясы кінәлі. Себебі сол комиссия мүшелерінің кесірінен салып жатқан құрылысымнан толығымен айырылдым. Олар ешқандай сотсыз, дәлелсіз менің салып жатқан құрылысымды алып қойды. Жинап-тергенімнің барлығы сол жерге кетті. Алайда мұны еш жерде дәлелдей алмаймын. Неге екені белгісіз. Сондықтан Қасым-Жомарт Кемелұлынан әділетсіздіктен арашалауды сұраймын», – дейді Мұрат Тасов.
Айта кетейік, «Ер-Тау»ЖШС 2014 жылы көппәтерлі тұрғын үй кешенін салу үшін Астана қаласынан 6 жер учаскесін сатып алып, құрылыс жұмыстарын 2018 жылы бастаған. Құрылыс жұмыстарының 35 пайызы аяқталған. Шығын көлемі – 4 миллиард теңгеге жуық. Толығырақ бұған дейін жазған мақаламыздан оқи аласыздар.