Түркістан облысында 13 жастағы оқушы жүкті болып қалған

Qaz365.kz редакциясы

Қазір оқушы жүктілігінің салдарынан мектепке бара алмай отырған көрінеді

Фото: depositphotos.com

Түркістан облысындағы Келес ауданында 13 жастағы оқушы зорлық-зомбылық салдарынан жүкті болып қалған. Бұл туралы Бала құқығы жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Facebook-тағы парақшасында жазды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Омбудсменнің айтуынша, қазір оқушы жүктілігінің салдарынан мектепке бара алмай отыр.

«Келес ауданында зорлық-зомбылық салдарынан 13 жастағы қыз жүкті болып қалған. Жыл басынан бері оқушы мектепке бара алмай отыр. Ал мектеп директорының орынбасары жағдайдан хабары бола тұра еш шара қолданбаған. Істі кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға жібермеген», – деп жазды Динара Зәкиева.

Бұған қоса Сарыағаш ауданындағы мектепте де бірнеше жантүршігерлік жағдай анықталды.

«Сауалнамаға қатысқан оқушылар Сарыағаш ауданына қарасты ауыл мектебінде буллинг, бопсалау фактілерін айтты. Көктемде осы мектепте бір бала суицид жасаған, оған қоса көктемде зорлық-зомбылық салдарынан 15 жастағы қыз жүкті болып қалған. Оқиғаларға дейін психологтер салғызған сурет арқылы 2 оқушы да өздерін нашар сезінетінін айтуға тырысқан. Бірақ оған ешкім назар аудармаған. Қаншама белгі берілсе де әлеуметтік қызметкерлер тарапынан жұмыс жүргізілмеген», – деді Динара Зәкиева.