«Қауіпті ойындар балаларды өз-өзіне қол жұмсауға итермелей ме?»: ІІМ үндеу жасады

Qaz365.kz редакциясы

Жалпы өзіне қол жұмсаудың жасаудың нақты себебі тек тергеу нәтижесімен ғана белгілі болады

Фото: istockphoto.com

Соңғы уақытта мессенджерлерде қауіпті ойындар туралы, олардың балаларды суицидке итермелейтіні жөнінде ақпарат таралып жатқаны белгілі. Осы ретте Ішкі істер министрлігі аталмыш ойындарда өзін-өзі өлтіру элементтері кездеспейтінін, бірақ онда балалардың психикасына теріс әсер ететін қашу, бағынбау сияқты әрекеттерді құптау қаупі болуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешевтің үндеуінде  жыл басынан бері мониторинг нәтижесінде суицидтік сипаттағы белгілері бар 43 интернет-ресурс анықталғанын мәлімдеді.

Ресми өкілдің айтуынша, соңғы уақытта мессенджерлерде тарап жатқан қауіпті ойындар балаларға қашып, бағынбауды үйретуі мүмкін.

«Жыл басынан бері мониторинг нәтижесінде суицидтік сипаттағы белгілері бар 43 интернет-ресурс анықталды. Олар бойынша ақпарат бұғаттау үшін уәкілетті органға, яғни Мәдениет және ақпарат министрлігіне жіберілді. Мұндай ойындарда өзін-өзі өлтіру элементтері кездеспейді, бірақ, айта кету керек, онда балалардың психикасына теріс әсер ететін қашу, бағынбау сияқты әрекеттерді құптау қаупі болуы мүмкін. Осыған байланысты, Ішкі істер министрлігі кәмелетке толмағандардың ата-аналары мен заңды өкілдерін бала тәрбиесіне мұқият көңіл бөлуге шақырады. Жалпы әрбір суицид дерегі бойынша балаларды суицид жасауға итермелеген себептерді және оған қатысы бар адамдарды анықтау мақсатында сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіледі», – дейді ол.

Сонымен қатар ІІМ өкілі кәмелетке толмағандардың өз-өзіне қол жұмсауына ықпал ететін бірнеше себептерді атады. Олар:

- Жалғыздық сезімі;
- Қиын материалдық жағдай;
- Ата-аналарымен немесе туыстарымен жанжалдасу;
- Оқудағы ұрыстар;
- Ата-анасының ажырасуы;
- Жақын адамының қайтыс болуы; 
- Жазаланудан қорқу және тағы басқа себептер.

Жалпы суицид жасаудың нақты себебі тек тергеу нәтижесімен ғана белгілі болады. Суицид жасау және соған әрекеттенудің 14 жағдайында кәмелетке толмағандар мас күйде болған. Ал өз-өзіне қол жұмсау әрекетінің бір жағдайында жасөспірім есірткілік масаң күйде болған.

Талдау көрсеткендей, суицидтер мен суицид жасауға әрекеттенудің басым бөлігі 15-17 жас аралығындағы, яғни өтпелі кезеңдегі жасөспірімдермен жасалған.

Осы орайда департамент бастығы  ата-аналарға тағы да үндеу жасады.

«Құрметті ата-аналар, балалардың мінез-құлқы мен эмоционалдық жағдайын бақылауда ұстаңыздар. Олармен ашық әңгімелесіңіздер. Қызығушылықтары туралы біліп жүріңіздер. Уақыт бөліп, барынша қолдауға тырысыңыздар. Балалардың көңіл күйіндегі, мінез-құлқындағы немесе әлеуметтік ортасындағы өзгерістерге назар аударыңыздар.  Егер қандай да бір күмәнді белгілер байқалса, жағдайды тез арада қолға алу қажет. Жай ғана жылулық пен қамқорлық танытудың өзі қайғылы жағдайдың алдын алуы мүмкін. Интернетте қауіпсіздік шараларын сақтауды үйретіңіздер. Балалар әлеуметтік желілерде немесе онлайн-ойындарда кездесуі мүмкін қауіптер туралы білуі қажет.  Егер олар күдікті дүниеге тап болса, көмек сұраудан қорықпауы тиіс», – деді ол.

Полиция балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жан-жақты шаралар қабылдауда, құқықтық түсіндіру жұмыстары оқу жылының басталуымен күшейтіліп жатқандығын атап өтті.