СҚО-да мектеп оқушысы сыныптасына пышақ сұғып алған

Qaz365.kz редакциясы

Қылмыстық іс қозғалды

Фото: Getty Images

Солтүстік Қазақстан облысында мектеп оқушысы сыныптасына пышақ сұғып алды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

СҚО денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 4 қазанда Тимирязев аудандық ауруханасына пышақ жарақатымен 2009 жылғы жасөспірім түскен.

«Оң жақ иығынан жарақат алған. Қазір аудандық ауруханада жатыр. Жарасын тікті. Қазір жағдайы тұрақты», - деді баспасөз хатшысы Гүлнар Қалиева.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі мәліметінше, осы қылмысқа қатысы бар күдікті анықталды.

Қажетті тергеу әрекеттері жүргізілгеннен кейін ата-анасының кепілгерлігімен босатылды. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізіліп жатыр.

«Құқық бұзушының жасын ескере отырып, полиция қызметкерлері ата-анасын бала тәрбиесі жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін жауапкершілікке тарту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Жасөспірім профилактикалық есепке алынады. Сондай-ақ, аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар жөніндегі комиссияға тиісті ұсыныс енгізілді», - делінген хабарламада.