Екі жүздей жолаушы бір тәуліктен бері Шымкент әуежайында жүр

Qaz365.kz редакциясы

Әуе кемесі көкке көтеріле алмай, жұрттың бәрі даурықты

Авиакомпанияның баспасөз қызметі

Шымкент-Астана бағыты бойынша 4-қазанда ұшуы керек болған “Fly Аrystan” ұшағы бір тәуліктен бері көкке көтеріле алмай жатыр. Ал, ондағы рейісін күткен 180 жолаушы әуежайда әлі жүр, деп хабарлайды Qaz365.kz.

“Fly arystan” ұшағы кеше түскі үште Шымкенттен Астанаға ұшуы керек болған. Алайда рейс 20 минуттан кейінге шегеріліп, кешкі бестер шамасында бір-ақ қозғалыпты. Содан жылжыған әуе кемесі көкке көтеріле алмай, жұрттың бәрі даурықты дейді жолаушылардың бірі. 

“Ұшақ ішінде екі жүзге жуық жолаушы отырдық. Рейсті екі сағат күткеніміз аздай өлім аузынан қалдық. Әуе кемесінің дөңгелегі жүріп ұшуға сайланып бара жатқанда қатты дауыстар шығып, бәріміз айғайға бастық. Әйтеуір, аманбыз. Ал, ұшақ сол күйі көтерілмей жерге қонды. Содан бері жолаушылардың бәрі әуежайда сандалып жүр”, – дейді Айгүл Мырзабекова. 

Жолаушының сөзінше, компания өкілдері мән-жайды түсіндірмеген. Жолынан қалған жұрттың енді қашан ұшатынын да айта алмай отыр екен. 

“Бізге ұшақтың бір құрылғысы істен шыққанын айтып жатыр. Оны тек шетелде сатады екен. Енді соны күтіп отыр. Ол заттың Қазақстанға қашан жеткізілетінін де бір құдай біледі. Не ақшамызды қайтармайды, не басқа әуе компанияларымен келісіп ұшырмайды”, – дейді жолаушы Айгүл Мырзабекова. 

Амалы таусылған елге әуежайда түнеуге тура келіпті. Олардың ішінде жаназаға, тойға, науқас туысына бара жатқандар аз емес. Сонымен қатар Өзбекстан, Ресей азаматтары да бар.

Осы жағдайға байланысты «Fly Аrystan» компаниясының баспасөз қызметі пікір білдірді.

«KC7507 Шымкент - Астана рейсі техникалық себептерге байланысты кейінге қалдырылғанын хабарлаймыз. Бұл рейстің жоспарланған ұшу уақыты 5 қазан сағат 16:50 болатын. Жерүсті қызмет көрсету бөлімінің қызметкерлері Шымкент әуежайында орналасқан және барлық әрекеттерді кешіктіру тәртібіне сәйкес орындайды. Бұл рейстің жолаушыларына сусындар, тамақ, қонақүйде тұру, сондай-ақ бір рет тегін қайта брондау немесе ақшаны толық қайтару мүмкіндігі түрінде қолдау көрсетілді. FlyArystan әуекомпаниясы ұшу кестесін сақтауға тырысады, дегенмен әртүрлі жағдайларға байланысты біз кейде өзгерістер енгізуге мәжбүр боламыз. Осы ретте жолаушылардан шын жүректен кешірім сұраймыз және ұшу қауіпсіздігі біздің басты міндетіміз екенін айта кетуге тиіспіз», - дейді компания өкілдері.