Қарағанды облысындағы шахтада екі кенші қаза тапты

Qaz365.kz редакциясы

Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр

Фото:: istockphoto.com

Қарағанды облысындағы "Саяқ-3" кенішінде көміртегі тотығы бөлініп, оқиға салдарынан екі адам қаза тауып, тағы біреуі ауруханаға жатқызылды, - деп хабарлайды Qaz365.kz.

Шахтадағы төтенше жағдай 6 қазанда болған.

"Қазақмыс" компаниясының баспасөз қызметі мәліметінше, улы газ бөлінгенде барлық қызметкерді жедел эвакуациялау жүргізілген. Зардап шеккендердің үшеуі жақын маңдағы медициналық мекемелерге жеткізілді. Дәрігерлердің күш-жігеріне қарамастан, екі қызметкер қайтыс болды.

"Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр, қайғылы оқиғаны тергеу жөніндегі арнайы комиссия құрылды. "Қазақмыс" басшылығы мен ұжымы қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтады. Олардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетіледі", - деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.