Оның өмірін қиғандар уақытша изоляторға қамалды
Алматы облысының полиция департаменті Талғарда кәмелетке толмаған баланы өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Оқиғаға қатысушылардың барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қазіргі уақытта барлық мән-жайлар бойынша тергеудің толықтығын, жан-жақтылығын және объективтілігін қамтамасыз ету үшін қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Талғарда дүкенге келген адам бір сыра алып, оның ақшасын төлеуден бас тартқан соң дүкен иесімен арада кикілжің туған. Сыраны тегін алғысы келген адам одан сайын ашуланып, оқиға орнына достарын ертіп әкелген. Әкесіне көмекке шыққан 16 жастағы бала төбелес кезінде жан тәсілім етті. Оның өмірін қиғандар уақытша изоляторға қамалды.
«Алматы облысының полиция департаменті кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдіктілердің бәрі ұсталып, уакытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық істі тергеу Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауына алынды», - деді Алматы облысы ПД бастығының орынбасары Мәлік Қабдуалиев.