«Полиция өзімді қорқытып жүр»: Талғарда бір топ жігіттің қолынан өлген баланың әкесі әділдік іздейді

Qaz365.kz редакциясы

Баланың әкесі жалға дүкен алып, сауда жасаған

Видеодан скриншот

Бірнеше күн бұрын Талғар қаласында бір топ азаматтың арасында төбелес болып, 16 жастағы Шерзат көз жұмған еді. Марқұм жеткіншектің әкесі әділ сотты талап етуде, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Мен Бас прокурор Берік Ноғайұлына тікелей үндеу айтқым келеді. Талғардағы төбелесте қаза тапқан Шерзат Болаттың әкесімін. Талғар әкімдігі, прокуратурасы мен ішкі істер департаментінің басшысы ешқандай әрекет жасамай отыр. Қылмысты бұрмалап отыр. Менің марқұм болған баламның аты-жөнін де білмейді. Қал-жағдайымызды сұрауға да шамалары жетпей тұр. Түнде бізді тергеуге шақырып, өзімізді қорқытып, арыз жаздыртып отыр. Сізден сұрайтыным: ашық сот болуын талап етемін. Өлетін балам өлді, мені де алсын, мені де қамасын, бірақ әділ шешім үшін ашық сот болсын», - дейді Шерзаттың әкесі Болат.

Баланың әкесі жалға дүкен алып, сауда жасаған. Төбелес осы дүкеннен басталған. Бір жас жігіт дүкенге келіп, бір құты сыра алып, ақшасын төлемей кете барған. Болат сыраның ақшасын төлеуді талап еткен. Арада жанжал туындаған. Болаттың інісі мен ұлы, 16 жастағы Шерзат клиенттен кетуді сұраған. Бірақ сыра алған жігіт достарына қоңырау соғып, дүкенге үш көлікпен бір топ жігіт келген. Арасында үш-төрт қыз да болған.

Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. 10-шы сыныпта оқитын Шерзат Болат ата-анасының дүкеніне кездейсоқ келген. Суық қарумен келген бұзақылар ешкімді аямапты.

Қансыраған бір отбасының мүшелері ауруханаға жеткізілген. Көп ұзамай жасөспірім жансақтау бөлімінде көз жұмған. Төбелеске қатысқан Шерзаттың ағасына үш рет пышақ салғаны белгілі болды. Қазір ер адам ауруханада ем қабылдап жатыр.

Бұған дейін Алматы облысы ПД бастығының орынбасары Мәлік Қабдуалиев қылмыс жасағандар қамалғанын айтқан еді.