Дала өрті 45 мың гектар жерге тарап үлгерген
Қарағанды облысының Қарқаралы ауданы және Павлодар облысының Баянауыл табиғи паркіндегі дала өрті 45 мың гектар жерге тарап үлгерген. Қарқаралы ауданы әкімі аймақта төтенше жағдай жариялады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Өртті сөндіруге Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаменті және жергілікті атқарушы органдарының күштері мен құралдарынан 386 адам, 64 техника, Төтенше жағдайлар және Қорғаныс министрлігінің әуе кемелері жұмылдырылған. Күш 4 жауынгерлік учаскеге бөлінген. Бұдан бөлек Ұлттық Ұлан, Кувский орманшылығы, ақмолалық құтқарушылар мен әскери бөлімдер көмекке келген.
«Қатты екпінді жел, таулы жер және өрт ошақтарына кірме жолдардың болмауы өртті сөндірудің жолдарын қиындатуда. Өртті сөндіруге Қарағанды облысының департаменті және жергілікті атқарушы органдардың күштерінен құралған 386 адам, 64 техника, әуе кемелер жұмылдырылуда», – дейді Қарағанды облысы ТЖД бастығының орынбасары Роллан Есмағанбетов.
Бұған дейін Қарағанды облысындағы дала өртін сөндіру кезінде ТЖД қызметкері Хали Хайраттың қаза тапқанын жазған едік.