«Дүкенде тұрған видеоны өшіріп тастапты»: ІІМ Талғарда қылмыскерлер өлтірген жасөспірімнің әкесінің сөзін жоққа шығарды

Qaz365.kz редакциясы

Баланың әкесі жалға дүкен алып, сауда жасаған

Qaz365.kz

Бұған дейін қылмыскерлердің қолынан қаза болған жасөспірім Шерзаттың әкесі дүкеннің бейнебақылау камерасында түсірілген видеолар өшірілгенін мәлім еткен еді. ІІМ кешқұрым ақпарат таратып, мұны жоққа шығарды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Талғарда бірнеше жігіт жабылып сабап өлтірген жасөспірімнің әкесі тергеуге сенбейтінін айтты. Оның сөзінше, дүкенде тұрған видеоны «полиция алып кетіп, жойып жіберген».

«Біздің дүкенде тұрған видеоны алады да, өшіріп тастаған. Видео жоқ дейді. Ойлаңдаршы, осы әділдік пе? Ол видеода магазинге кірген қылмыскерлер бар. Соны өшіріп тастаған. Мен сіздерге видеоны көріп, қылмыскерлердің әрқайсысын көрсете алам деймін. Енді кімге сенейін. Айтыңыздаршы. Қосыңдаршы десем, видеоны өшіріп отыр. Не үшін шықпаймын? Балам үшін шығып отырмын. Мен өлсем өліп кетейін, басқа жасөспірімдер мерт болмасын», - деген еді марқұмның әкесі.

Алайда бұл ақпаратты ІІМ жоққа шығарды.

«Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында Талғар ауданындағы қайғылы оқиға болған жерден бейнебақылау камераларының жазбалары өшірілді деген жалған ақпарат тарауда. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде барлық қолда бар бейнежазбалар полиция тарапынан тәркіленіп, қылмыстық іс материалдарына заттай дәлел ретінде тіркелгенін хабарлаймыз. Қазіргі уақытта тергеу барысында барлық бейнежазбалар зерттеліп, оқиғаға қатысушылардың әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады», - делінген ІІМ хабарламасында.

ІІМ тек ресми ақпаратқа сенуге шақырады. Жалған ақпаратты тарату қылмыстық жауапкершілікке дейін әкелуі мүмкін екенін еске салады.

Еске салайық, оқиға 4 қазанда болған. Баланың әкесі жалға дүкен алып, сауда жасаған. Төбелес осы дүкеннен басталған. Бір жас жігіт дүкенге келіп, бір құты сыра алып, ақшасын төлемей кете барған. Болат сыраның ақшасын төлеуді талап еткен. Арада жанжал туындаған. Болаттың інісі мен ұлы, 16 жастағы Шерзат клиенттен кетуді сұраған. Бірақ сыра алған жігіт достарына қоңырау соғып, дүкенге үш көлікпен бір топ жігіт келген. Арасында үш-төрт қыз да болған.

Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. 10-шы сыныпта оқитын Шерзат Болат ата-анасының дүкеніне кездейсоқ келген. Суық қарумен келген бұзақылар ешкімді аямапты.

Қансыраған бір отбасының мүшелері ауруханаға жеткізілген. Көп ұзамай жасөспірім жансақтау бөлімінде көз жұмған.

Еске салайық, бұған дейін марқұмның әкесінің сұхбатын жариялаған болатынбыз.

Тағы оқыңыздар: «Жеті күдіктіні екі айға қамадық». Прокуратура Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты мәлімдеме жасады